Семей қаласында сіріңкемен ойнаған алты жасар баланың салдарынан автокөлік өртеніп, енді келтірілген материалдық шығынды оның ата-анасы өтейтін болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 352-кварталдағы тұрғын үй ауласында болған автокөлік өртінің шығу себебін анықтады.
– Тексеру барысында тәртіп сақшылары оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеді. Нәтижесінде өрт шықпас бұрын көліктің жанында үш кәмелетке толмаған баланың болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 6 жасар бала сіріңке жағып ойнап, көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын тарала бастағанда балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл жайт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер барысында да расталды, –делінген ақпаратта.
Полицияның хабарлауынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, кәмелетке толмаған баланың әрекетінен келтірілген материалдық шығын үшін оның заңды өкілдері жауап береді. Осыған байланысты өртенген автокөліктің иесіне келтірілген шығынды баланың ата-анасы өтеуге міндеттеледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
