Қазақстанда Li Auto, Omoda және Jaecoo сияқты үш жаңа автомобиль маркасын өндіруді іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ол Үкімет отырысында Президенттің Қытайға жасаған мемлекеттік сапары барысында автокөлік жасау саласында маңызды келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті. Осылайша, саланың өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында 2028 жылға дейін жеңіл және коммерциялық көлік өндірісін кеңейту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыру көзделген.

«Li Auto, Omoda және Jaecoo маркалы автокөліктер өндірісін ұйымдастыру, Sitrak пилотсыз ершікті сүйреткіштерін шығару, сондай-ақ BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты қуаттау станциялары желісін дамыту қарастырылған», – деді Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетейік, Қазақстан автомобиль одағының мәліметінше, елімізде көлік өндірісі тұрақты түрде өсіп келеді. Биылғы қаңтар мен мамыр айлары аралығында елімізде 78 580 бірлік автотехника шығарылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!