SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі төнген жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау дерегі бойынша жүргізілген сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстан ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.
Ол аңшылыққа, қыран құстарды күтіп-баптауға және емдеуге арналған Instagram парақшасы арқылы табиғи ортадан заңсыз ауланған сирек жыртқыш құстарды жеткізетін адамдармен байланыс орнатқан.
Тінту кезінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс анықталып, тәркіленді. Олардың арасында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстардың барлығы Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі жоғары жануарлар санатына жатады.
Күдікті қамауға алынды. Сонымен қатар сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тәркіленген құстар Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында уақытша күтіп-бапталуда. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына қайта жіберіледі.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
