Құмырсқа өсіріп те пайда табуға болатынын білесіздер ме? Жиырма жастағы алматылық Әлішер Османов сегіз жылдан бері құмырсқа бағумен айналысады. Әр көктемде, дала құмырсқаларының шағылысар уақыты кезінде ол ұрықтанған аналық құмырсқаларды теріп алып, олардан тұтас колония өсіреді. Колония қалыптасқанда, оларды формикарийге, яғни құмырсқа фермасына ауыстырады. Бүгінге дейін Әлішер 3 000-нан аса құмырсқа колониясын шығарған екен.

Илеудегі иерархия

Әлішердің құмырсқаларға қызы­ғушылығы небәрі 12 жасында басталыпты.

«Далада жүргенде, үнемі үймелеген құмырсқалардың тіршілігін қызық көріп, илеулерінің жанында сағаттап отыратын­мын. Бірте-бірте олардың аналығын, «сарбаздарын», «жұмысшы» құмырсқа­ларды, «бала күтуші» құмырсқаларды ажыратуды үйрендім. Бала кезімде 20-30 шақты хоббиім болған шығар, құмырсқа өсіруді соның бірі ретінде ғана бастаған­мын. Кейіннен бұл кәдімгідей үлкен ша­руаға айналып, құмырсқаларды зертте­генім үшін мектепішілік байқауда бас жүлдені де иелендім», – дейді кейіп­ке­ріміз.

Әлішер жылына бір рет, көктемде Алматы облысының далалық жерлеріне 1-2 аптаға экспедицияға шығады. Көктем құмырсқалардың шағылысатын уақыты екен. Ұрықтанған аналық құмырсқаларды теріп алып, арнайы сынауыққа салады. Онда құмырсқа өліп қалмайтындай әрі ұрпақ өсіре алатындай қолайлы орта болуы керек. Сынауықтардың іші құрғап кетпес үшін аузын ылғал мақтамен бітейді, өйткені ылғал жоқ жерде құмырсқа өліп қалады. Бір айдан соң аналық құмырсқа жұмыртқа басып шығарады.

Құмырсқалардың рөлдері әртүрлі. Мәселен, «сарбаз» құмырсқалар топтас­тарын жаудан қорғайды. Төтеннен қауіп төнсе, бөтен колонияның құмырсқа­лары шабуыл жасаса, әлгі «сарбаздар» қай кезде де қасқайып, қарсы тұруға әзір. «Жұмыс­шы» құмырсқалар да болады. Қыбырлап, үйелмелі-сүйелмелі әулетіне тамақ таситын, илеуді кеңітетін, керек десеңіз, тіпті жөндеу жұмыстарын жүргізетіндер – осы «пролетариат» өкіл­дері. «Бала күтуші» құмырсқалар да бар: әулеттің кішілері дернәсілдерге, сәби құмырс­қаларға қамқор болып жүреді.

Тәттіге құмарлық түбіне жетеді

Колония жинақталды-ау дегенде оны фермаға, яғни формикарийге ауыстырады. Ферма екі бөліктен – арена мен ұядан тұрады. Арена деп отырғанымыз – құмырсқалардың әрі-бері жүретін, серуен жасайтын «көшелері». Ал ұяда аналық пен оның сарбаздары және бала күтушілер өмір сүреді. Шағын фермалар шамамен 400-дей, үлкендері 2000-3000 құмырсқадан тұрады.

«Ферманы көрген кейбір кісілер «мұның іші тарлық етпей ме?» деп сұрап жатады. Құмырсқаларға артық көп жер беруге болмайды, әйтпесе олар үйлерін қоқысқа толтырып, одан паразиттер өніп, ақыры өздерінің өміріне қауіп төнеді», – дейді Әлішер.

Әлішер бір жылда ша­мамен 1 мың коло­ния өсіріп шығарса, солардың 700-і жер­гілікті аналықтардан, ал 300-і шетелдік ана­лықтардан дамиды екен. Біздің ай­мақта кездес­пей­­тін экзотикалық құмыр­сқаларды ол Қытайдан, Тайландтан, Ресейден алдырады. Сәйкесінше олардың бағасы да қымбат: жергілікті құмырсқа­лардан шақталған колонияның бағасы 5 мың теңгеден басталса, шетелдік құмырсқа­лардікі 200 мыңға дейін жетеді.

«Құмырсқа фермаларымның бірін сатып алған ресейлік тұтынушы бірде маған видео жіберіпті. Видеода құмырсқа­ларым шеңбер бойымен жүгіріп жүр. Мұндай құбылысты көріп, екеуіміз де таңғалдық. Ақыры ол шеңберді бұзып, құмырсқаларды аман сақтап қалды. Шеңберді бұзарда оларды иіспен алдау керек», – дейді Әлішер.

Тағы бір қызық дерек, құмырсқалардың Tetramorium armatum деген паразит түрінде колонияны қорғайтын «сарбаз» құмырсқалар болмайды. Сондықтан барынша ұзақ өмір сүру үшін олар өзге түрдің илеуіне барып, ондағы құмырсқа­ларды феромонмен алдайды. Бұл бөтен құ­мыр­сқалардың иісін сездірмейді. Со­лай­ша олардың сеніміне кіреді. Нәтиже­сінде әлгі илеу иелері оларды тамақ­тандырып, қамқор болып, дернәсілдерін өсіріп береді.

«Құл иеленуші қоғам» құрып алатын Polyergus rufescens деген түрдің тіршілігі де таңдай қақ­тырады. Олардың каста­ларын­да тек «сарбаз» құмырсқалар ғана қал­ған. Мұндай құмырсқалардың орақ тәрізді болып келетін жақтары өзге түрлерді өлтіруден басқа еш тірлікке жарамайды. Сол себепті олар тұрақты түрде Formica fusca деп аталатын өзге түрге шабуыл жасап тұрады. Олардың шабуылы құдды бір кино сияқты: мыңдаған «құл иеленуші» құмырсқа мақсатты түрде бөтен илеуге кіріп, жолында кездескен кез келгенін аямай өлтіріп тастайды. Сөйтіп, әне-міне ұрпақ өніп шыққалы тұрған дернәсілдерді ұрлап әкетеді. Formica fusca дернәсілдері ақыр соңында Polyergus rufescens құлдарына айналады. Олар ұя салып, «сарбаздарды» тамақтандырып, аналық құмырсқаларға қамқор болады. Тіпті олардың иісі де Polyergus rufescens құмырсқаларына ұқсап кетеді: өйткені құмырсқа өмірге келгенде, сол жердің иісін автоматты түрде қабылдап алады. Құлдар өлгенде, илеу иелері жаңа шабуылға шығады.

ТҮЙІН:

Әлішер осы ісі арқылы адамдарды, әсіресе балаларды табиғатты сүюге, әлсіз мақұлықтарға қамқор болуға үйреткісі келеді. Оның пікірінше, бұл хобби пайда табудан бұрын, табиғатты шынымен жақсы көруді талап етеді. Кейбір формикарий жасаушылар құмырсқалардың тіршілігін, оларға қажетті ортаның жағдайларын ескермей, көп қателік жібереді: фермаға гипстан төсеніш орнатпайды, ылғалдандыру және желдету жүйелерін дұрыс жасамайды. Соның кесірінен, құмырсқалар бір аптадан соң қырылып қалады. Ал формикарийді сыйлыққа алған бала құмырсқаларды өзім өлтіріп алдым деп ойлайды. Сондықтан бұл – үлкен жауапкершілік пен көңіл бөлуді талап ететін іс.

Ақпарат aikyn.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!