Автомобиль жолдарын салу сапасын бақылауды күшейтуге бағытталаған кешенді жоспар әзірленді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы автожол саласына қатысты бірқатар проблема бар. Мәселен, жол құрылысы материалдарының тапшылығы және олардың қымбаттауы, мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың аздығы және тағы басқа түйткілдерді атап өтуге болады», – делінген министрліктің ҚазАқпарат агенттігіне берген жауабында.

Осы аталған мәселелерге байланысты жобаның смета құжаттамасы құнының өсуі байқалып отыр. Салдарынан жобаны іске асыру мерзімдері ұзарып келеді.

«Осы орайда автомобиль жолдарын жөндеу және салу сапасын бақылауды күшейту, жол-құрылысы саласындағы проблемаларды жою мақсатында министрлік халықаралық тәжірибелерге, ғылыми әрі практикалық ұсынымдарға талдау жасады. Бұл тұрғыда «Кешенді жоспар» әзірленді және құжатты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр бекітті», – деп жазылған ведомство мәліметінде.

Айта кетейік, биыл 14 шілде күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздің жолдары нашар екені және жол құрлысы саласын жемқорлық жайлағаны туралы айтты.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!