Sputnik. «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 3 наурызда басталып 17 қазанда аяқталады, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.

Конкурстық іріктеу 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.»Болашақ» стипендиясына құжат egov.kz порталы арқылы қабылданады. Шетелде кадрлар даярлау кезінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.

«2025 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқу үшін 645 стипендия бөлінді. Оның ішінде магистратура бағдарламасы бойынша – 411 стипендия, докторантура/резидентура бойынша – 41 стипендия, тағылымдамалар бойынша – 193 стипендия бөлінді», – делінген хабарламада.

«Болашақ» бағдарламасы шеңберінде стипендия тағайындау үшін мынадай квота санаттары көзделген: инженерлік-техникалық қызметкерлер, медицина қызметкерлері, ауылдық елдімекеннен шыққан үміткерлер, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер. «Болашақ» халықаралық стипендиясының квота санатындағы стипендиаттарының стипендия есебінен тілдік даярлықтан өтуге, сондай-ақ оны тағайындағаннан кейін шетелдік ЖОО-ға түсуге мүмкіндік бар.

Бұған қоса, шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия 2025 жылға «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өту үшін қызметкерлердің мынадай санаттарын бекітті:

  • инженерлік-техникалық қызметкерлер, агроөнеркәсіптік кешен саласының қызметкерлері, жасанды интеллект бойынша мамандар;
  • мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері;
  • медицина қызметкерлері;
  • мемлекеттік қызметшілер;
  • бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері;мәдениет, туризм және спорт саласының қызметкерлері;
  • судья және сот қызметкерлері.

«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы бойынша стипендия тағайындауға арналған конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжат қабылдау 3 наурызда басталып 31 қазанда аяқталады.

Конкурстық іріктеу 2025 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында өтеді.

Шетелде кадрлар даярлау кезінде инженерлік-техникалық және медициналық мамандықтарға басымдық беріледі.

«Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында қазақстандық ғалымдардың біліктілігін арттыру мақсатында бекітілді. Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы бойынша 2025 жылға 250 стипендия бөлінді.

Мемлекет академиялық оқуға, тағылымдамадан өтуге, ары-бері ұшуға, медициналық сақтандыруға, визалық алымдарға, оқу материалдарын сатып алуға жұмсалатын шығындарды жабады, сондай-ақ ай сайын стипендия төлейді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!