Премьер-Министр Әлихан Смайылов әкімдіктерге су шаруашылығы обьектілерін цифрландыру менавтоматтандырудың жол карталарын уақтылы іске асыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстандағы 8 су шарушалығы бассейнінің 7-еуі бастауын трансшекаралық өзендерден алады.

Яғни, өзен суларының тең жартысына жуығы сырттан келеді. Сарапшылар 2040 жылға қарай Қазақстанда суды тұтыну көлемі 56 пайызға дейін өседі деп болжап отыр. Су тапшылығы жылына 12 текше шақырымға дейін жетуі ықтимал.

Оның үстіне, біз Қазақстандағы өзендердің тартылып бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл алдағы уақытта еліміздің оңтүстік өңірлері су тапшылығының зардабын тартады дегенді білдіреді. Сондықтан суды тиімді пайдалану – өте өзекті мәселе», – деді ол Үкімет отырысында. Оның айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығына арналған судың небәрі 60 пайызы ғана егіс алқаптарына дейін жетеді.

«Қалған бөлігі инфрақұрылымның нашарлығынан далаға кетеді. Сондықтан каналдар мен су қоймаларын жөндеп, су ресурстарын басқаруды автоматтандыру қажет. Әкімдіктер бұл мәселені бақылауында ұстап, су шаруашылығы обьектілерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жол карталарын уақтылы іске асыруға тиіс», – деді Әлихан Смайылов. Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің айтуынша, биыл Шардараға 5 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!