Қазақстанда 86 мыңға жуық орынға студенттік жатақхана керек. Бұл туралы ҚР БҒМ Қаржы орталығының ілгерілету және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алпамыс Сатыбалдин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл бағдарлама 2018 жылы бастау алған болатын. Осы орайда кем дегенде 75 мың студентті жатақханамен қамтамасыз ету ескерілген. Бұл мәселені шешу үшін Білім және ғылым министрлігіне қарасты Қаржы орталығы арнайы бағдарлама әзірледі. Осыған сәйкес кез келген жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға жатақхана салатын болса, әрбір салынған орынға мемлекет тапсырыс аясында қаражат бөлінеді», – деді А. Сатыбалдин Qazaqstan телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасында.

Бұл тұрғыда ол жатақхана құрылысында кәсіпкердің шығындары өтелетінін жеткізді. «Жатақхана» түсінігі бұл жобаны ары қарай ілгерілетуде кедергі келтіріп отыр. Өйткені жатақхана дегенде ой-санамызға кеңестік кезеңде салынған бетон қабырғалы тар бөлмелер, қос қабаттан құралған кереуеттер елестейді. Сонымен қатар, бұл бөлме төрт орынға есептелсе, ол жерде көбіне 6-8 студент орналасады. Дегенмен қазірдің өзінде көптеген жоғары оқу орнында жатақханада орын жетіспегендіктен, студенттер осындай жағдайда тұрып жатыр. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында пәтер жалдап тұру қымбатқа түсетіні белгілі», – деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, жаңа жатақхана ғимаратын салудан бөлек, қонақ үйлердің нысандарын да қайта лайықтап, жатақхана ретінде пайдалануға беруге болады.

«2021 жылдың соңына қарай 120-дан астам жатақхана салынды, яғни олар 30 364 орынға есептелген. Біз бұл бағдарламаны бастағанда, 2018 жылы елімізде 82 мың студентке жатақхана қажет болған. Одан бері 30 мың орын пайдалануға берілгенін ескерсек, тағы 50 мың орын салу керек еді. Алайда қазірдің өзінде 85 мыңнан астам студентке жатақхана керек болып тұр. Себебі 2000-шы жылдары елімізде бала туу көрсеткіші өсті. Олар қазіргі кезде осы балалар университеттерге түсіп жатыр. Сәйкесінше, оқу орындарына түсетін балалардың саны артып келеді», – деді А. Сатыбалдин.

Оның сөзіне қарағанда, жатақхана орындарының басым бөлігін Алматы қаласында салу керек.

«Шын мәнінде, нақты қажеттілік 86 мың орынға жетіп қалды. Атап айтқанда, бұл жоба аясында кедергілерді барынша азайтуға тырыстық», – деді ол. Осы орайда Қаржы орталығының өкілі жатақхана салатын кәсіпкерлер қандай қадамдарды жасауы керек екенін айтты. Біріншіден, кәсіпкер 500 орындық жатақхана салатыны туралы өтінім жазып, екі құжатты ұсынады. Осы орайда салынатын жердің сатып алу шарты мен жердің актісі қамтылады. Екіншіден, кәсіпкермен арада алдын ала шарт жасалады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерге кепілдік ретінде болады, сондай-ақ орталыққа қаражатты жоспарлауға мүмкіндік береді. Үшіншіден, кәсіпкер өз қаражатына жатақхананы салып, пайдалануға тапсырады. Төртіншіден, Қаржы орталығы тарапынан салынған жатақханалар өзінің нысаналы мақсатын өзгертпей, кемінде 20 жыл жұмыс істеуі тиіс деген талап қойылады. Бесіншіден, кәсіпкермен арада сатып алу порталында келісімшарт бекітіледі және әрбір орынға ай сайын төлем жасалады.

«Бұл бағдарламаны әзірлегенде көптеген кәсіпкерге үндеу жасадық. Яғни қонақ үй салудың орнына жатақхана нысандарына мән беруді сұрадық. Себебі қазіргі кезде қонақ үй нарығы барынша орны толтырылған болып тұр, бәсекелестік өте жоғары. Сондықтан жатақхана құрылысына қатысты тың қадамдар қарастырылып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қоятын іс-шараларды ескердік. Бұл тұрғыда жоғарыда аталған міндеттер мен шарттар орындалса болды, яғни тендер және басқа талаптар ескерілмеген. Сонымен қатар, салынған жатақханадағы әрбір орынға жасалатын төлемнің мөлшері оңай есептеледі», – деді Алпамыс Сатыбалдин.

Еске сала кетейік, 2020 жылы мамыр айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 3-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы 5 жылдың ішінде кемінде 90 мың жатақхана орны салынуы тиіс екенін тапсырды.