ТҮРКСОЙ ұйымының шешімімен 2023 жылды Түркі әлемінде “Жүргенов жылы” болып жарияланған. Көрнекті қоғам қайраткері Темірбек Қараұлының 125 жылдығына орай Т.Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің ұйымдастыруымен “Халқына қызмет еткен тұлға” атты облыстық семинар өтті.

Аталған шараның басты мақсаты – Темірбек Жүргеновтің өмірі мен тұлғалық адамгершілік қасиеттерін, азаматтық бейнесін естеліктер арқылы көрсету. Тарихи күрделі кезеңде қазақ өнері мен мәдениетінің кеңінен танылуына, өрістеуіне сіңірген қызметін таныту.

Шара мектеп ауласындағы Темірбек Жүргеновтің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен басталды. Қайраткерге арналған мұражайдың мазмұны мен мектеп тарихы бойынша таныстырылым жасалды. Сонымен қатар Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қызметкерлері қор құжаттарынан көрме ұйымдастырды. “Мектеп театры”  жобасы аясында Т.Қараұлының көшбасшылық қабілетін, азаматтық ұстанымын танытатын театрландырылған қойылым және мектеп оркестрі әсем ән мен тәтті күй ұсынды.

Сонымен қатар қонақтар “Қазақ руханиятының жарық жұлдызы – Темірбек Жүргенов” атты тәрбие сағатына, “Қыз ақылды ескермес – ана үлгісін көрмесе” қыздар клубының, “Әкеден ақыл, ағадан жігер, баладан ізет” әкелер мектебінің жұмысына, “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында “Тарихи тұлғаның тағылымды жолы – ұрпаққа үлгі” тақырыбында дөңгелек үстелге қатысты. Ұстаз, оқушылармен жақынырақ ой бөлісті.

Семинарға Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев. Қызылорда облысы білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет, қалалық білім бөлімінің басшысы Ерлан Боданов. Қызылорда облысының мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Жанат Алтынбаева, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім басшысы Эльзира Сағитжанова, “Темірбек Жүргенов атындағы қоғамдық қор” төрағасы Сәпен Аңсатов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушы, профессоры Айтжан Оразбахов және Темірбек Жүргеновтің туысқаны Жағыпар Нұржанов қатысты. Конференцяда семинардың құрметті қонақтары баяндама жасап, естеліктермен бөлісіп, ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстардың мазмұнымен бөлісті.

Шаһизада ИСА,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің

4-курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!