Отбасында баласы мен келінінің ақшасын алып, өзі жұмсайтын енелер көп. Әсіресе, келіннің банк картасына дейін өзі иемденіп алған енелер бар. Ал әнші, сазгер Қалдыбек Талқанбаев осындай енелерді Құдайдан қорқуға шақырды, деп хабарлайды Экспресс К.

Әнші TikTok әлеуметтік желісінде видео жариялады. Онда келінінің ақшасын өзі жұмсайтын енелерді сөгіп салған.

Кейбір енелерге айтамын. Келіннің банк карточкасын, алтын секілді жеке мүліктерін алудан ұялмайсыздар ма? Не деген білімсіз, көргенсіз болып бара жатсыңдар?

— дейді әнші ашуланып.

Әнші келін табысын сол үйдің ортақ шотына, отбасына, еріне беруге міндетті еместігін айтады. Отбасын асырау — ер адамның міндеті. Бұны имамдар да айтып жатқанын ескертеді.

«Бәрін айтып жатқаным жоқ, кейбір енелер, Құдайдан қорықпайсыздар ма? Сіздер балаларыңыздың, немерелеріңіздің бақытын ойлап жатқан жоқсыздар. Үйге келген келіннің ақшасын алып алу деген не деген көргенсіздік? Өз балаларыңызбен келіндеріңіздің араларына түсіп, екі жасты ажырастырып жатсыздар. Осылай қоғамда ажырасу көбейген. Осыған себеп болып жатырмыз деп ойламайсыздар ма? Әлде сіздерге келіннің ақшасы керек болып тұр ма? Не деген бейшара адамсыздар? —дейді әнші.

Қалдыбек тіпті олардың бұндай әрекеті үшін о дүниеде Құдай алдында жауап беретінін айтады.

Ақша емес, балаларыңыздың бақытын ойлаңыздар. Біреудің қызының обалына қалып, ажырастырмай, тыныш жүріңіздер,

— дейді Қалдыбек Талқанбаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!