Өзбекстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Аброр Джахангирұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары, білім алушыларымен кездесті.

Жиында Басқарма мүшесі – Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Майнұр Бөрібаева Өзбекстан Республикасының жетекші университеттерімен байланыс нығая түскенін атап өтті.

– Университет делегациясы жуырда Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барып, жоғарғы оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламасын жүзеге асыру туралы келісімге келді.

 «Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механизацияландыру инженерлері институты» Ұлттық ғылыми-зерттеу университетімен қос дипломды/мамандарды даярлау бойынша келісім жасалды. Алдағы уақытта қос университет 7 білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлайды. Сондай-ақ, бірқатар жоғарғы оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, – деді Майнұр Бөрібайқызы.

Кездесу барысында Аброр Фатхуллаев екі елдің достығы жарасқан, бауырлас халықтар екенін ерекше атап өтті. Қызылорда облысында су шаруашылығы, мелиорация, аграрлық технология салалары бойынша жоғары білікті, кәсіби мамандар даярланатынына тоқталып, бірлескен жұмыс өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.

Жиында екі елдің білім саласындағы ынтымақтастығын арттыру мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Өзбекстан Республикасынан келген бірнеше студент Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алуда.


      Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің медиа орталығы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!