ҚР қорғаныс министрлігі Қарулы Күштердің барлық әскери басқару органдары, бөлімдері мен мекемелері жаңа жауынгерлік оқу кезеңінің басталуына байланысты жоғары жауынгерлік әзірлік деңгейіне жеткізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы министрліктің ресми хабарламасына сілтеп.
Министрліктің хабарлауынша, желтоқсан айының басында әскер бөлімшелері дабыл бойынша көтеріліп, полигондар мен оқу-жаттығу орталықтарына марш жасайды. Жеке құрам мен әскери техниканы жаттығу орындарына жеткізу үшін кешенді тактикалық-саптық сабақтар өткізіледі.
Оқу-жаттығуларға байланысты өңірлердегі жолдардың кейбір учаскелерінде уақытша қозғалыс шектелуі мүмкін. Министрлік азаматтардан жалған ақпарат таратпауды және тек ресми дереккөздерге сенуді сұрады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 22 қарашада премьер-министрге, құқық қорғау органдарының басшыларына және әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырған болатын.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!