Бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов аттестаттар мен дипломдар цифрлық форматта берілетінін айтты.
Министрдің айтуынша, цифрландыруды енгізу шеңберінде әрбір педагогте аттестаттаудан өту, жұмысқа қабылдау, конкурстарға қатысу туралы ақпарат болатын цифрлық портфолио болады. Мектептердегі оқулықтарды таңдауда академиялық дербестік беріледі.
«Аттестаттар мен дипломдар QR-код бойынша цифрлық форматта беріледі. Әр оқушының өзіндік сандық профилі болады. Сұранысқа ие қызметтер еGоv және ірі банктердің мобильді қосымшалары арқылы көрсетіледі», деді Асхат Аймағамбетов.
Ол сондай-ақ мектептердегі орын тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айта кетті.
«Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру жөнінде тапсырма берген еді. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 800 мыңнан астам оқушы орны пайда болады, бұл үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешеді. Жаңа мектептер үшін құрылыс пен жарақтандырудың бірыңғай стандартын қолдану жоспарлануда», деп түйіндеді министр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!