Армандар орындала ма, әлде оларды орындау керек пе? Біз бүгінгі кейіпкеріміз Жанбота Байділдамен бірге осы сұрақтың жауабын іздейміз. Университеттің «Үздік түлегі» атануды мақсат етіп, енді міне, еліміздің ең беделді оқу орнында білім беру саласындағы көшбасшылықты зерттеп жүрген Жанботаның жетістікке жетудегі сыры қандай? Бірге білейік.

– Сұхбатты студенттік шақтан бастасақ. Алғаш университет табалдырығын аттаған кез есіңізде ме? 18 жасар Жанботаның арманы мен қазіргі Жанботаның мақсаты қандай?

 – Иә, әрине, ол күндер әлі де жадымда. 2019 жылы Білім-инновация лицейін тәмамдап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Екі шет тілі» мамандығына оқуға түстім. 11-сыныпта студенттік шағымды Астана немесе Алматы сияқты ірі қалаларда өткізуді жоспарлаған едім. Алайда Қорқыт ата университетіне грантқа түскен соң, туған қаламда қалуды жөн көрдім. Сол сәтте алдыма «осы мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланамын» деген ұстанымды алдыға қойдым.

Ең алғашқы үлкен арманым – университеттің «Үздік түлегі» атану. Болашақ ағылшын тілі маманы болғандықтан, деңгейімді барынша арттыруды көздедім. Мен үшін жаңа білім алу мен тың дағдыларды меңгеру – бала кезден келе жатқан басты ұстанымым. Ал тілді меңгеру үшін тәжірибе керек. Сондықтан бірінші курстан бастап жұмыс істегім келді. Тәжірибем болмаса да, ұстаздық жолды бастау – үлкен арманым еді. Қазір артқа қарасам, сол армандарымның көбі орындалыпты. Бірақ білім алу – тоқтамайтын процесс, сондықтан қазіргі мақсаттарым бұрынғыдан да ауқымдырақ.

– Назарбаев университетінде магистратурада білім алып, тәжірибе жинаудағы мақсатыңыз қандай? Бұл жақтың білім беру бағдарламасының дәстүрлі жүйеден айырмашылығы неде?

 – Тек ағылшын тілі маманы ретінде қалыптасу ғана емес, сонымен бірге білім беру жүйесі мен саясатына үлес қосу. Міне, менің мақсатым – осы. Назарбаев университеті – бұл мақсатқа жету үшін таптырмас мекен. Бұл оқу орны Орталық Азия мен Қазақстандағы көшбасшы университет екені сөзсіз.

«Education Leadership», білім берудегі көшбасшылық және басқару бағдарламасында оқимын. Бұл мамандық маңызды шешімдер қабылдай алатын стратегиялық көшбасшыларды даярлауға арналған мамандық. Мұндағы профессорлық құрамның ғылыми әлеуеті өте жоғары. Университеттегі әр оқытушы – әлемнің топ жарған университеттерінің түлегі және өз ісінің шебері. Оқу жүйесі толықтай зерттеуге бағытталған. Біз бір пәнді 2 апта көлемінде меңгереміз, ал сабақтар көбіне пікірталас пен талқылауға бағытталған.

Жанбота БАЙДІЛДӘ: Жақсы ортада жүрген адамның талабы да, талғамы да жоғары болады

– Тіл меңгеру, жоғары GPA, конференциялар мен қоғамдық белсенділік… Осының бәріне үлгеру үшін уақытты қалай басқарасыз?

– Мұхтар Шаханов ағамыз «Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,

 Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,

Үлкен болып қалу үшін ғаламда,

Үлкен арман керек екен адамға» деп айтпақшы, жетістіктерім, тынымсыз тіл меңгеру үшін жұмыс істеп, волонтерлық жұмыстарда белсенділік танытуым – мұның бәрі арманыма жету үшін көмектесетін құрал. Осы белестерді бағындыру үшін уақытты тиімді пайдалануды – басты дағды деп қарастырдым. Ол үшін бірнеше әдісті пайдаланамын. Бұл туралы кітаптарды көп оқыдым. Оның жалғасы ретінде айтылған кеңестерді өмірде жүзеге асырамын. Алға қойған мақсатымды, жоспарымды күнтізбеге жазамын. Одан кейін – тұрақтылық. Үлкен нәтижеге жету үшін кішкентай, бірақ жүйелі өсім қажет. Бір күнде бәрі өзгеріп кетпесі анық. Үшіншіден, жоспарға сай бәрін бақылауда ұстау қажет. Мен күнделікті өзіме есеп беремін. Егер осы семестр жоғары GPA қаласам, ол үшін сабақта белсенді, үй жұмысын тұрақты орындауым қажет.

– Назарбаев университетіне түсу − көптің арманы. Бірақ ол − тек үздіктер мекені. Сіз ол жаққа қалай түстіңіз? Оқиғаңызбен бөліссеңіз.

 – Бакалаврдан кейін білім алуды тоқтатпауды шештім. Біз әлі де білмейтін, зерттемеген тақырып көп. Бір жыл мектепте ағылшын тілінің мұғалімі болып жұмыс істедім. Сол кезде білім жүйесіндегі бірқатар мәселенің барын байқадым. Қай бағытта даму керегін түсіндім. Назарбаев университетіне түсу үшін арнайы емтихан, сұқбаттасу секілді бірнеше сатылық сынақтан өту керек. Қыста құжаттарды қабылдау басталды. Оның ішінде анкета мотивациялық, ұсыныс хат, резюме жазу сынды талаптар қойылды. Аталған құжаттарды реттегеннен кейін, екінші турға жолдама алдым.

Екінші кезең – интервью. Оған өте мұқият дайындалдым. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген, үлкен тәжірибесі бар профессорлармен сұқбаттасу мен үшін жаңа деңгей. Олар «Ұстаз ретінде өзіңе қалай мотивация бересің? Алдағы 5-10 жылға жоспарың қандай?» деген креативті сұрақтар қойды. Мұндағы атмосфера өте жылы. Бірнеше айдан кейін шақырту келгенде, бойымда тек қуаныш емес, ел игілігі үшін қызмет етуім керек деген үлкен жауапкершілік сезімі пайда болды.

– Назарбаев университетінде тіл білу – ең басты қағидаттардың бірі. Қазіргі білім беру саласындағы ағылшын тілінің рөлін қалай бағалайсыз?

 – Бізде барлық пән, зерттеу жұмыстары мен пікірталастар тек ағылшын тілінде. Тіл білу – халықаралық академиялық ортаға жолдама алу деген сөз. Бұл дағды тек бір елдің емес, әлемдік деңгейдегі ғылыми жаңалықтармен, жобалармен танысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл өзге мәдениеттерді танудың және ойөрісті кеңейту үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын.

– Студенттік шақ тек білім алумен ғана емес, ерекше атмосферасымен әсерлі. Осы орайда сізден бізге қызық оқиға болса…

– Студенттік шақтағы ең маңызды дүние – орта. Қасыңдағы адамдар қандай болса, сенің алдағы 4 жылда дамуың да соған байланысты. Менің достарым мен топтастарым дамуға құштар жандар. Біз уақытымызды кітап талқылауға, бірге сабақ оқуға арнайтынбыз. Сонымен қатар бірге саяхаттап, еліміздің көрікті жерлерін араладық. Ертең сабақ оқыған аудитория емес, жаныңдағы адамдармен өткізген сәттер ғана есте қалады. Студенттерге айтарым – достарыңызбен уақытты пайдалы өткізіңіздер, бойыңызға тек жақсы қасиеттерді жинаңыздар.

– Жетістіктердің артында қиын сәттердің бары анық. Жалғыздық, қаржылық мәселе немесе «қолымнан келмейді-ау» деген күдік болды ма? Мұндай кезде өзіңізді қалай жігерлендірдіңіз?

– Иә, шынында мұндай сәт көп болды. Бірақ жанымда әрдайым қолдау беретін анам болды. «Оқу инемен құдық қазғандай, әзір қиын болады, бірақ сен бұл қиындықты бағындыра аласың» деп қолдау береді. Бағана атап өткенімдей, ортаның ықпалы байқалады. Алда үлкен жоба қорғау керек кезде, өзімді қоярға жер таппаймын. Сол сәтте «Бұл уақытша қиындық, мұны ертең күліп еске аламыз», «Сен алдында осындай жетістікке жеттің, бұл сынақтанда өтетініңе сенімдімін» деген сөздерді жиі естимін. Бәрі бірдей мінсіз бола бермейді. Қазір мен үлкен зерттеу жүргізіп жатырмын. Оның өзінде таңғы беске дейін жазып, мәтінді байқаусызда өшіріп алған кездерім де болған. Мұндай сәтте қынжыласың, бір жылап аласың, бірақ жағдайды қабылдап, қайтадан іске көшесің.

 – «Қасыңда үш миллионер болса, төртіншісі сен боласың» деп айтып жатады. Сіздің оқиғаңызда әлеуметтік ортаның рөлі қандай?

– Мен әрдайым «жанымда жақсы адамдар болса екен, тіпті олардың ішіндегі ең білімсізі мен-ақ болайыншы» деп тілеймін. Себебі айналаң мықты болса, сен де соларға қарап бой түзейсің, жақсы әдеттерін бойыңа сіңіресің. Жақсы ортада жүрген адамның талабы да, талғамы да жоғары болады.

Жанбота БАЙДІЛДӘ: Жақсы ортада жүрген адамның талабы да, талғамы да жоғары болады

– Болашақта үздік университеттің студенті атанғысы келетін, ұстаздыққа жол тартатын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, тек теориямен шектелмей, практиканы қатар алып жүріңіздер. Тіпті бір ғана балаға сабақ берсеңіз де, ол – тәжірибе. Өз салаңыздың майталмандарымен сұқбаттасып, жаңа технологияларды меңгеріңіз. Сабақты қалай қызықты өткізуге болады, баланы пәнге қалай ғашық етуге болады деген сұрақтарға жауап іздеңіздер. Ұстаздық, ең алдымен, мамандыққа және балаға деген махаббаттан басталады.

Екіншіден – нақты жоспар құрыңыз. Үздік университетте оқу үшін сіз де үздік болуыңыз шарт. Сіз мемлекетке не бере аласыз? Осы сұраққа жауап іздеңіз.

– Жас маман ретінде Қазақстанның білім беру саласына қандай өзгеріс әкелгіңіз келеді? Егер сізде білім жүйесіне бір өзгеріс қосуға мүмкіндік болса, ол не болар еді?

 – Қазір жас мамандардың әл-ауқатын зерттеудемін. Осы зерттеулер нәтижесінде Қазақстанда білім беру салаларында оқып жатқан студенттердің 55 %-ы жас мамандардың 25%-ы алдағы 5 жылда осы саланы тастап кетуді жоспарлаған. Сонымен қатар Қазақстандағы мамандардың 3 %-ы ешқашан кері байланыс алмаған. Кейінгі 3 %-ы жұмысында стресске ұшырайды екен. Өзімде жас маман болдым. Түрлі баламен жұмыс істедім. Сондықтан менде мүмкіндік болса, жас мамандарға түрлі психологиялық тренинг, семинар өткізер едім. Оларға кері байланыс беруді, мотивациясын бақылап отыруды еңгізгім келеді.

 – Сұқбат үшін рақмет!

Әңгімелескен Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!