Жетім балаларды баспана кезегінен заңсыз шығару деректері тексеріледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл мәселе бойынша міндетті түрде тексеру жүргіземіз, елімізде кезеке тұру цифрландырылған. Жергілікті атқарушы органдардың кезекке қатысты барлық әрекеті қадағаланады. Егер сізге осындай деректер белгілі болса, онда осы мәселе бойынша тексеру жүргіземіз. Осы орайда адам кезектен шыққанда немесе қосылғанда күмәнді әрекеттерді электронды жүйе арқылы тексеруді тапсырдым», – деді Қ. Өскенбаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, жыл соңына дейін аталған тізімге қатысты деректер тексеріледі.

«Бұл тұрғыда заң бұзу деректері анықталса, онда кінәлілер тиісті жазасын алады. Жалпы, ауқымды тексеру жүргіземіз», – деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, электронды форматта кімнің кезекте тұрғаны көрсетіледі. Егер біреу кезектен заңсыз шығарылса, оны IT мамандары анықтай алады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда 61 мың жетім бала баспана кезегінде тұр.