Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева Сыр еліне жұмыс сапары барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің белсенді жастарымен кездесті. Жиынға қатысушылар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айтылған міндеттерді орындау барысы туралы әңгіме өрбітті. Жастардың ұлтжандылық, көшбасшылық қасиеттерін дамыту мақсатында ұйымдастырылған басқосуда Бану Ғаниқызы «Жаңа Қазақстан» құруда жастардың ықпалы зор екенін айтты.

«Жастар – ел болашағы. Қазіргі таңда елімізде жастарға қолдау көп. Қай саланы алсақ та, алға ұмтылған адамға мүмкіндіктер жеткілікті. Бүгінгі кездесу соның бір дәлелі. Жастарды қозғаушы күш десек, өз замандастарымды  еліміздің дамуы үшін еңбек етуге шақырамын», – деді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 2 курс студенті Нартай Әбдіраш.

Айта кетейік, оқу орнында студенттердің білім ала жүріп ғылыми жобалармен айналысуы, қоғамдық шараларда белсенді болуы, шығармашылық қабілеттерін дамытуы, кәсіпкерлік салаға бейімделуі үшін 22 жастар ұйымы жұмыс жасайды.

Кездесуге Қазақстанның Азаматтық Альянсының өңірлердегі өкілдері, белсенді студенттер, жастар ұйымдарының төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты. Шара соңында Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай қонақтарға арнайы сыйлық табыстап, естелік суретке түсті.