Кез келген заң өмірімізге нормативтік күші бар құжат болып енгенше жоба күйінде әзірленіп, түрлі деңгейлердегі талқылаулардан өтеді. Бұл туралы Әділет министрлігі Заң жобалау қызметінің үйлестіру басқармасының басшысы Альбина Әубәкірова баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Маманның айтуынша, жобаның қоғам мен салаға қатысы бар білікті мамандардың талқылауынан өтуі өте маңызды.

«Қандай да бір заңның қажеттігі туындаған жағдайда ол бастама ретінде көтеріліп, кейін іс жүзінде күшіне енгенге дейінгі аралықта бірнеше кезеңнен өтеді. Сол кезеңдердің ең маңыздыларының бірі – заңға қажет тұжырымдаманың жобасын әзірлеу кезеңі. Қарапайым тілмен айтсақ, заң жобасының не үшін қажет екенін, ертең күшіне енген жағдайда құқықтық, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда әсері қандай болатынын осы тұжырымдама анықтайды», – деді басқарма басшысы.

Бұл орайда, ең маңыздысы, тұжырымдама жобасы әзір болғаннан кейін «Ашық НҚА» порталында қоғамның талқылауына шығарылады. Ал Заң жобасы қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мүшелері 15 жұмыс күні ішінде тұжырымдамаға қатысты өз ұсыныстары мен ескертулерін жолдайды. Ол ұсыныс, ескертулер де «Ашық НҚА» порталына шығарылады.

«Осыдан кейін ғана тұжырымдама жобасы аталған комиссияның отырыстарында қаралады. Мұны Үкімет жанындағы консультативтік-кеңес беру органы деп түсінуге болады. Бұл орган түрлі салалар мен ведомстволар арасында туындайтын ұсыныс-бастамаларды әзірлеп, үйлестіру үшін құрылған.

Елдегі заңнаманың уақыт талабына сай жетіле түсуіне бірден-бір мүдделі орган да осы комиссия. Оның құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес қауымдастықтардың өкілдері кіреді. Яғни, қабылдануға ұсынылған заң жобасы өміріне әсер ететін қоғам топтарының барлық өкілдеріне заңның жобасын әзірлеу кезінен бастап бұл процеске белсенді қатысуға мүмкіндік жасалған», – деп түсіндірді Альбина Әубәкірова.

Оның мәліметінше, комиссия қаралып жатқан заң ертең күшіне енген кезде бір мәселені реттегенімен, қосымша қиындықтар туғызбау үшін ықтимал салдарын жан-жақты зерттеп, талқылайды. Қазіргі таңда COVID-19 пандемиясының тәуекелдерін ескеріп, комиссия отырыстары онлайн-режимде өткізіліп жүр.

«Комиссия отырыстарының болатыны Әділет министрлігінің ресми сайтында жарияланып отырады. Болашақта заң жобасын әзірлеуші мемлекеттік органдар комиссия отырыстарының болатынын Instagram мен Facebook арқылы жариялайды деп жоспарланып отыр. Бұл азаматтардың заңнамадағы өзгерістерден анағұрлым хабардар болып отыруына жол ашады.

2021 жылы комиссияның 41 отырысы өтті. Сол отырыстарда 58 заң жобасының тұжырымдамасы, Парламент депуттатары бастамашы болған 41 заң жобасына Үкіметтің берген қорытындысы, сондай-ақ, 9 Үкімет қаулысы қаралды. Соның ішінде былтыр жергілікті деңгейдегі әкімдерді сайлау, азаматтық заңнаманы, денсаулық сақтау саласын жетілдіру, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру, Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы сияқты елдің назарында болған құжаттар бойынша отырыстар өткенін атап өту керек», – деді басқарма басшысы.