Аймақ басшысының халықты сапалы және сенімді электрмен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлының төрағалығымен «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының қаржылық-шаруашылық жағдайы және алдағы жылу маусымына дайындығы талқыланды.

Күн тәртібіндегі өзекті мәселе түйіткілі бойынша Мархабат Жайымбетұлы жыл сайын бюджеттен өңіріміздегі электрмен қамту жүйесін дамытуға, компанияның жарғылық капиталын ұлғайтуға қыруар қаржылар бөлінгенімен, тұрғындардың әлі күнге дейін электр энергиясының сапасына қатысты көңілі толмайтынын, оған қоса компанияның дебиторлық қарыздары 347 млн.теңгеден асқандығын ерекше атап өтіп, кәсіпорын жұмысын сынға алды.Бүгінде кәсіпорын пайдалануындағы электр желілерінің ұзындығы 10 мыңнан аса шақырымды құрайды және 1867 дана қосалқы станциялары бар. Қазіргі таңда электрмен қамту жүйесінің тозуы 68 пайызды құрайды.Бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Негізгі қорлар жаңартылып, өткен ғасырға қарағанда үздік-создық берілген энергиядан арылдық. Дегенмен 21 ғасырда электр энергия күнделікті тіршіліктің ажырамас бір бөлігі болып саналады, осыған байланысты тұрғындарды сапалы энергиямен қамту заман талабы. Көкейтесті мәселелердің бірі жыл сайын құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін тұрғындардың өз бетінше жүргізілген электр желілері көлемінің ұлғаюы және оны жою жолдары қамтылды. Отырыста кәсіпорын басшысы Батыржан Қаракөзовтың есебі тыңдалды. Жиын барысында Мархабат Жайымбетов компанияның жұмысына оның техникалық, қаржылық-шаруашылық жағдайына қатысты өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Атап айтқанда, кәсіпорын пайдалануындағы электр желілерінің нормативті сыраптары өте жоғары екендігін, Еуропалық даму банкінен алынған қарызды қайтару, әсіресе электр жарығының ажыратылуы және жарық сапасының төмендігі бойынша тұрғындар тарапынан аталған кәсіпорынға сұрақтардың көп екендігін жеткізді.

Мархабат Жайымбетұлы кәсіпорындар арасындағы қарыздарды өтеуге жауапкершілікпен қарауды тапсырып, оның алдағы жылу беру маусымының тұрақты өтуіне тікелей қатысты екендігін айтты.Мәжілісте «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының қызметін ұйымдастыру мен оңтайландыруға бағытталған бірнеше тапсырмалар берілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!