Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасында 6 мыңға жуық құқық бұзушылық анықталды.

Мемлекет басшысы 2022 жылды елімізде балалар жылы деп жариялады. Ел Президенті Қасым –Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпы ұлттық міндетіміз. Олардың әл-ауқаты-мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі».

Қызылорда облысы көлемінде кәмелетке толмағандармен жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда бала тәрбиесіне қатысты мүдделі құзырлы органдармен бірлесе отырып біршама жұмыстар атқарылды.

Кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын-алу мақсатында, ағымдағы жылы «Бала және отбасы», «Демалыс», «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел профилактикалық іс-шаралары, «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз балалар» атты акциялар өткізілді.

Облыстың оқу орындарында басқа құқық қорғау органдарымен бірлесіп 10 айда 5000-нан астам дәріс өткізілді: маскүнемдіктің, есірткіге құмарлықтың, уытқұмарлықтың зияны, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершіліктері, жасөспірімдердің заң алдындағы жауапкершілігі, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қол сұғылмаушылық пен қылмыстың алдын алу.

Тәртіп сақшыларымен барлығы 5891 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде әр түрлі құқық бұзушылық жасағандары үшін 5306  жасөспірім жеткізілді. Бейімдеу орталығына 293 кәмелетке толмаған жатқызылса, 24 жасөспірім қылмыс жасағандары үшін ұсталды.

Сондай-ақ, балалардың тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамайтын 5 ата-ана сот құзырымен құқығынан айырылса, 4-і құқығынан шектелді және 2 кәмелетке толмаған Облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына орналастырылды. Түнгі уақытта тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 4663 кәмелетке толмағанның заңды өкілдері, жасөспірімдердердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 180 кәсіпкер, кәмелеттік жасқа толмағандарға темекі бұйымдарын сату дерегі бойынша 21 және алкоголь өнімін сатқаны үшін 84  сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әрбір рейд барысында ата-аналар мен жасөспірімдердің жауапкершілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.   

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!