Бала бойындағы жақсылы-жаманды қасиеттерін байқаса, қазақ оны ең бірінші әке мен ата тәрбиесінен көреді, тегіне тартқан дейді. «Әкесі сондай адам еді, атасы жақсы адам, көргенді бала» деп ер адам тәрбиесін ауызға алады. Өйткені әкесінің баласына қалдырған ең үлкен мұрасы – оның жақсы тәрбиесі. Ал әке мектебінен өткен бала сол мұраға қиянат жасамауға тырысқан. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Бисембаев Манат Кәрімбайұлы туралы болмақ.


Манат ағай отбасылы, аяулы жары Ағира екеуі 4 бала тәрбиелеп отырған ардақты әке өзін бақытты отбасылардың қатарына қосады. «Әкеге қарап ұл өсер деген» дана халқымыз. Балаларына қарап, олардың тәрбиелілігі, оқуда озат, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұратын кішіпейіл болғандарына қарап, отбасындағы ер адамның темірдей тәртібі мен үлгі-өнегесінің молдығын көрсетіп тұрғандай. «Адамгершілікке тәрбиелеу құралы – еңбек пен ата-ана үлгісі»-деп, Ыбырай Алтынсарин атамыз айтқандай, болашақтағы рухани бай адамды қалыптастыру ол баланың дүниеге келген кезінен басталуы керек. Халықта «Ағаш түзу өсуі үшін оны көшет кезінде кесуге болады, ал үлкен ағаш болған кезде оны түзете алмайсың» деген сөз бар. Сол себепті де, баланы жастайынан ізгілікке, мейірімділікке, қайырымдылыққа, адамгершіліктің барлық құнды қасиеттерін бойына сіңіріп, тәрбие жұмыстарын жан-жақты жүргізу қажет.

Өмір болған соң, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, дегенмен отбасының тыныштығы әйелге де байланысты, жұмыстан шаршап келгенде, жарым қас-қабағыма қарап, тамағын дәмді етіп алдыма қойып, балалардың да бар жағдайын жасап отырғанын көргенде шаршағаным бірден басылады дейді, Манат ағай.


Манат Каримбайұлы 1976 жылы Қызылорда қаласында туған. 1998 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін құқық және құқықтық тәрбие әдістемесі мамандығы бойынша, 2002 жылы Қазақ гуманитарлық Заң университетін заңтану мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1999 жылы Қызылорда облысының әділет басқармасының аға маман-кеңесшісі болып бастады. 2002-2004 жылдар аралығында Қызылорда облыстық әділет департаментінің жетекші маман, 2004-2006 жылдар әділет департаментінің бөлім бастығы, 2006-2011 жылдар аралығында әділет департаментінің Сырдария аудандық әділет басқармасының бастығы, 2011-2012 жылдар аралығында Шиелі аудандық әділет басқармасының бастығы қызметтерін атқарды.


2012 жылдың мамыр айынан бастап 2020 жылдың қаңтар айына дейін Қызылорда облысының әділет департаментінің Қызылорда қалалық әділет басқармасының басшысы қызметін атқарған. 2020 жылдан бастап Әділет департаментінің филиалы басшысы-аға сот орындаушысы қызметін атқарып келеді.


Қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқарғаны үшін 2012 жылы «II дәрежелі Заңгер» төс белгісімен, 2018 жылы «Қызылорда қаласына 200 жыл» мерекелік медальмен, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 20 тамыздағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен наградталған.


Өзіңді тану үшін кітап керек. Өзгені тану үшін кітап керек. Кітап оқығанды жаны сүйетін Манат Кәрімбайұлы әлі талай жетістіктерге жететіні сөзсіз.

Қызылорда облысының әділет департаментінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!