Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Сенаторлар Советбек Медебаев пен Серік Шайдаров Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі өзекті мәселелерді талқылады. Олар кездесу барысында Парламент Сенаты депутаттарының өткен сессиядағы заң шығару қызметінің қорытындысы туралы ауыл тұрғындарына айтып берді.
Сенаторлар сондай-ақ қоғам қайраткерлерімен және мәслихат депутаттарымен кездесіп, өңір тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелерді шешу жөнінде өз пікірлерімен бөлісті. Талқылау заң шығарудан бастап аймақтың нақты мәселелеріне дейінгі тақырыптар ауқымын қамтыды.
Сенаторлар сонымен қатар сапалы сумен жабдықтауды қамтамасыз ету мақсатында жаңа технологияларды енгізу жоспарланып отырған Жезқазған қаласындағы ауыз су тазарту-шаруашылық құрылысын жаңғырту жобасымен де танысты.
«Жезқазғанның жаңа батыс ауданына магистральдық жылу желісін салуға және Үйтас-Айдос су құбырын салуға жергілікті атқарушы органдар ерекше назар аудару қажет. Бұл жобалар облыс орталығының тұрғындарын сумен қамтамасыз ету және жылумен жабдықтау сапасын жақсартуға тиіс», – деді сенатор Советбек Медебаев.
Парламентшілер сондай-ақ Ұлытау ауданында болып, су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға арналып салынып жатқан Жезді кентіндегі үйлер құрылысымен танысты. Сенаторлар құрылыстың қарқыны мен сапасына ең алдымен тұрғындардың өздері риза болуы маңызды екенін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!