Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде философия докторы, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының жетекшісі Серікхан Жүзеевтің «Қазақ мінезінің айнасы» атты кітабының тұсауы кесілді.

Рухани басқосу бүгін университеттің №1 оқу ғимаратындағы кітапханада ұйымдастырылды. Іс-шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, зиялы қауым өкілдері, студент жастар, әдебиетсүйер қауым және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.


«Қазақ мінезінің айнасы» – қазақы сөз, тәмсіл, мінез философиясы мен ұлттық дүниетанымға негізделген еңбек. Кітапта қазақ руханиятындағы мол мұра көркем мәтін табиғатымен сабақтастырыла отырып, философиялық тұрғыдан талданған. Автор адам мінезін тек жеке қасиет ретінде емес, ұлт болмысын танытатын рухани өлшем, тәрбие мектебі, халықтық танымның айнасы ретінде қарастырады.


– Қазақ мінезге бай. Оның сабыры да, қайраты да, тәуекелі де, намысы да, тектілігі де, кейде қырсықтығы мен қайшылығы да сөз арқылы танылған. Халық бір ауыз тіркеспен адам болмысын бағалап, қысқа тәмсілмен тұтас өмірлік қағиданы жеткізген. Кітаптың құндылығы да осында. Еңбек қазақ сөзінің сыртқы мағынасына ғана емес, оның астарындағы мінез тәрбиесіне, адамды тану мәдениетіне, ұлттың рухани тәжірибесіне үңіледі. Кітапта жазушы Жанат Ахмадидің шығармаларында кездесетін қазақы сөз қолданыстары, мінезге қатысты тәмсілдер, бейнелі тіркестер мен афористік ойлар жинақталып, оларға авторлық таным тұрғысынан түсінік беріледі. Әсіресе «Елең-алаң», «Дүрбелең», «Есеңгелді би», «Айтмар» секілді шығармалардағы би-шешендік дәстүр, ұмытылып бара жатқан көне сөздер, көркем тіркестер, адам мінезін ашатын ойлар еңбектің негізгі арқауына айналған, — деді автор.

Серікхан Жүзеевтің қазақ мінезін сипаттаған еңбегі көпшілікке ұсынылды

Тұсаукесер барысында сөз алған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Гуманитарлық-педагогикалық институт директоры Сағат Тайман кітаптың мазмұндық салмағына тоқталып, мұндай еңбектердің қазіргі қоғам үшін қажетті екенін атап өтті.

«Қазір кітап көп шығып жатыр. Оны жазушы да, шығарушы да аз емес. Бірақ мәселе кітаптың көптігінде ғана емес, оның оқырманға қаншалықты жетуінде, ой салуында, рухани айналымға енуінде. Серікхан Әлханұлының бұл еңбегі сол тұрғыдан алғанда, жай ғана таныстырылып өте шығатын кітап емес. Мұнда қазақтың сөздік қоры, мінезге қатысты танымы, халықтың ғасырлар бойы жинаған тәрбиелік тәжірибесі бар. Қазақ мінезге бай халық. Осы мінездің ішкі иірімін, жақсысы мен жаманын, себебі мен салдарын философиялық тұрғыдан пайымдау – бүгінгі гуманитарлық ғылым үшін де, жас ұрпақ тәрбиесі үшін де маңызды», деді Сағат Тайман.

Институт директоры кітаптың атауына да ерекше мән берді. Оның айтуынша, «Қазақ мінезінің айнасы» деген атау оқырманды тек қазақ мінезін сырттай бағалауға емес, алдымен өз болмысына үңілуге шақырады.

«Уақыт өзгергенімен, адам мінезінің негізі өзгере қоймайды. Қоғам жаңарады, өмір салты басқа арнаға түседі, бірақ адалдық, сабыр, жауапкершілік, намыс, қанағат, тектілік сияқты ұғымдардың салмағы ешқашан төмендемейді. Бұл кітапты оқыған адам қазақ мінезін ғана емес, өз мінезін де тануы мүмкін. Еңбектің құндылығы да сонда. Ол оқырманды ойлануға, салыстыруға, адам болмысын тереңірек түсінуге жетелейді», деді ол.

Сағат Тайман сондай-ақ кітаптың ғылыми ортадағы орнын да атап өтті. Оның пікірінше, еңбек таза ғылыми зерттеу немесе көркем шығарма ретінде ғана қабылданбайды. Ол бірнеше бағыттың тоғысынан туған танымдық дүние.

«Бұл кітапты бір ғана жанрдың шеңберіне сыйғызу қиын. Мұнда әдеби талдау да бар, философиялық пайым да бар, тілдік ізденіс те бар, ұлттық тәрбиеге қатысты ой да бар. Сондықтан еңбек көпшілік оқырманға да, студенттерге де, ұстаздарға да, қазақ дүниетанымына қызығатын қауымға да пайдалы болады деп ойлаймын», деді Гуманитарлық-педагогикалық институт директоры.

Серікхан Жүзеевтің қазақ мінезін сипаттаған еңбегі көпшілікке ұсынылды

Кеш барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бахтиярова Сара Бахтиярқызы, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Айтбаева Айман Ералықызы, тілтанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Күлдірсін Сарышова кітап туралы пікір білдірді. Олар еңбектің қазақ тіл біліміндегі, әдебиеттанудағы және ұлттық тәрбие бағытындағы маңызын атап өтті.

Пікір білдірушілердің сөзінше, қазіргі кезеңде ұлттық мінез, сөз мәдениеті, рухани тәрбие мәселелерін қайта зерделеу аса өзекті. Себебі жаһандану мен ақпарат ағыны күшейген сайын, халықтың өзіндік ойлау жүйесін, сөздік қорын, адамға баға беру өлшемдерін сақтау маңызды бола түседі. «Қазақ мінезінің айнасы» осы тұрғыдан алғанда, ұлттың ішкі болмысын тануға бағытталған тағылымды еңбек ретінде бағаланды.

Серікхан Жүзеевтің қазақ мінезін сипаттаған еңбегі көпшілікке ұсынылды

Кітап авторы Серікхан Әлханұлы өз сөзінде еңбектің жазылу тарихына тоқталып, бұл тақырыптың бір күнде пайда болмағанын айтты. Оның сөзінше, қазақы сөзге, көркем тіркеске, би-шешендердің ойлау жүйесіне деген қызығушылығы студенттік және магистратура жылдарынан басталған.

«Жанат Ахмадидің “Елең-алаң”, “Дүрбелең”, “Есеңгелді би”, “Айтмар” секілді көптеген шығармаларымен таныстым. Әр оқыған сайын оның ішіндегі афоризмдерді, көркем тіркестерді, би-шешендердің бір-бірімен сөз қағыстыруларын, айтыстарын, қазақтың ұмытылып бара жатқан сөздерін түртіп алып жүрдім. Кейін магистратурада оқып жүргенімде когнитивті лингвистика пәнінен дәріс алған кездеріміз болды. Сол уақытта көркем мәтіндегі сөздің астарына, оның танымдық сипатына тереңірек үңіле бастадық. Күлдірсін апайымызбен, Аман ағайымызбен отырып, Жанат Ахмадидің афоризмдерін, қазақы тіркестерін емін-еркін талқылайтынбыз. Осы ізденістер бірте-бірте бүгінгі кітапқа алып келді», деді автор.

Серікхан Жүзеевтің айтуынша, еңбектің «Қазақ мінезінің айнасы» деп аталуы кездейсоқ емес. Автор кітап арқылы қазақ мінезінің күрделі табиғатын, оның заман өзгерсе де жоғалмайтын өзегін көрсетуді мақсат еткен.

Серікхан Жүзеевтің қазақ мінезін сипаттаған еңбегі көпшілікке ұсынылды

«Бұл кітаптағы негізгі ой – уақыт өзгергенмен, мінездің негізі өзгермейді деген тұжырым. Қазақ – мінезге бай халық. Осы кітапты оқыған әр адам өз мінезін таныса, себеп пен салдарды айыра алса деген ой болды. Десе де, бұл еңбекті тек ғылыми еңбек немесе көркем туынды деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Көпшілікке танымдық тұрғыдан пайда берсе, оқырман оқи отырып ой алса деген мақсатымыз бар», деді Серікхан Әлханұлы.

Автор сөз барысында жазушы Жанат Ахмадидің тағдырына да тоқталды. Оның айтуынша, қаламгердің өмір жолы да, шығармашылық әлемі де қазақ руханиятымен, елдік жадпен, тарихи тағдырмен тығыз байланысты.

«Жанат Ахмади өте тағдырлы жазушы болды. Ол Қытайдан 1961 жылы Атамекенге, Алматыға көшіп келгеннен кейін түрлі қудалауды бастан өткерді. Кейін Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына жер аударылып, сол жақта он жылға жуық қоныстанған. Тағдырдың талай сынағын көрген кісі еді. Кейін Алматыда ол кісімен жолығып, таңды таңға ұрып қазақтың би-шешендері, сөз өнері, ел тарихы туралы ұзақ әңгімелестік. Жазушы өзінің он төрт романын үтір-нүктесіне дейін жатқа білетін. Сол кісінің әр айтқан сөзінен, шығармаларындағы әр тіркестен түртіп алып, міне, осы еңбегімізді жарыққа шығарып отырмыз», деді автор.

Серікхан Жүзеев өз сөзінің соңында кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген әріптестеріне, университет басшылығына алғысын жеткізді. Сондай-ақ еңбектің кем-кетігі болса, оқырман тарапынан айтылатын сын мен пікірді қабылдауға дайын екенін айтты.

«Қандай да бір кем-кетігі болса, кешіріммен қарарсыздар. Пікір, сын білдірем деушілер болса, мархабат, қуана-қуана қабылдаймыз. Осы еңбектің жарық көруіне қолдау білдірген әріптестеріме, басшылыққа шын жүректен алғыс айтамын», деді ол.

Іс-шараның негізгі бөлігі кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімімен жалғасты. Қатысушылар авторға шығармашылық табыс тілеп, еңбектің рухани құндылығына жоғары баға берді. Кеш соңында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, оқырмандар авторға сұрақтарын қойды. Қонақтарға қолтаңба беріліп, кітап туралы жылы лебіздер айтылды.

Серікхан Жүзеевтің қазақ мінезін сипаттаған еңбегі көпшілікке ұсынылды

«Қазақ мінезінің айнасы» көпшілік оқырманға, оқытушылар мен студенттерге, қазақы дүниетаным мен ұлттық рухани құндылықтарға қызығатын барша қауымға арналған. Кітап Алматыдағы Қазақ университеті баспасынан жарық көрген. Еңбек 2026 жылғы 12 қаңтарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Гуманитарлық-педагогикалық институты, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика білім беру бағдарламасының мәжілісінде талқыланып, ұсынылған.

Ұлт мінезі – халықтың тарихи жадынан, сөз мәдениетінен, өмірлік тәжірибесінен, тәрбие дәстүрінен құралған күрделі ұғым. Оны бір ғана анықтамамен ашу мүмкін емес. Бірақ «Қазақ мінезінің айнасы» секілді еңбектер сол күрделі әлемнің бір қырын танытып, оқырманды өз болмысына, өз сөзіне, өз мінезіне қайта қарауға шақырады. Серікхан Жүзеевтің бұл кітабы қазақ руханиятындағы мол мұраны философия тұрғысынан талдаған, халықтық таным мен көркем мәтін арасындағы байланысты көрсеткен, ұлттық мінездің терең қатпарларына үңілген тағылымды еңбек ретінде оқырманға жол тартты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!