Бүгінде әлемдегі жаңа мамандықтар мен дағдылардың көбейгенін көріп отырмыз. Мобилография, таргет, SMM маман секілді жаңалықтар көптің назарына ілініп, үйренуге талпындыруда. Арнайы курстар жүйесі дамып, білікті мамандар­дың еңбегі нәтижесінде белгілі мектептер қалыптасып үлгерді. Мұндай заманауи дағдының қатарында дрон ұшыру өнері де бар.  Жақында облыс орталығынан ашылған FLYORDA дрон ұшыру орталығы Сыр жастарының да аталған жаңалыққа жаны құмар екенін, салада серпін барын тағы бір аңғартты.

Өзгеше әсер, өзіндік қызыққа толы бағыттың Қазақстанға келгеніне де көп болмады. Алғашында әуеге ұшқан «камера» ретінде қарап, көп мән бермегенмен, кейін дронның жаңа заман өнімі екеніне көз үйренді. Салаға қызығатын энтузиаст жастардан бұрын бұл игілігі мол жаңалықты той-томалақтағы жұрт ерте сезінгендей. Олай дейтініміз, жас жұбайлардың тойында Love Story көрсету сәнге айналғалы дронның қызығы басталды. Табиғаты әсем аумақ пен жұптың жарасымдылығын көрсету үшін биіктен бейне түсіру белең алып, көптеген жас дрон қызығына кенелді. Осы арманмен құны қымбат құрылғы алып, дрон ұшыру курсына жазылу басталғаны анық.

Қызыл­орда­дағы алғашқы дрон ұшыру орталығына айналған FLYORDA-ның табысқа жетуі де сұраныс көлеміне байланысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, орталық құрылғанына көп болмаса да оқуға ниетті жастардың саны басым. Әсіресе, курсқа қатысуға ниет білдіргендер арасында мектеп оқушыларының қатары көп. Әрбірі болашақтың дағдысын ерте жастан меңгеріп, кәсіп көзіне айналдырғысы келеді екен.

– Қазақстанда ғана емес, әлемде танымал болған дрон – ең тиімді дағды. Олай дейтініміз, дорон өміріміздің барлық саласына терең енуде. Ауыл шаруашы­лығынан бастап, кәсіби фототүсі­рілімге дейінгі аралықта дронның көмегімен жеңіл әрі сапалы қызметтерді жасауға болады. Оның үстіне дрондарды пайдаланып, түсірудің аса бір қиындығы жоқ. Жүйелі дайындық пен білікті маманның көмегіне жүгінсеңіз, аз уақытта игеріп кетуге болады. Тек ой жинақы, сана сергек болғаны жөн. Бұл орайда  FLYORDA ұжымы қажетті дағдыны тез әрі оңай игеруге септеседі деп сенемін, – дейді компанияның негізін қалаушы Мөлдір Жақсылық.

Расында, дронға қол тигізуге жүрексінетініміз анық. Басқару жайы, биіктікті жобалау, кедергілерге тап болмай, аман-сау қондыру алаңдатады. Мұны ескерген орталық мамандары талапкердің қолына бірден дрон ұстатпайды. Алдымен теориялық білімді сіңіріп, әуеде құрылғы қалықтатудың әліппесін үйретеді. Яғни, үйренуші жел бағыты, географиялық ерекшелік, дрон түріне қарай әрекет етудің алғышартын үйренбек.

Келесі кезеңде қатысушы симулятор арқылы теориялық білімді қаншалықты игергенін көрсетеді. Егер алған білімді сынақ барысында сәтті қорғаса, талаптың жартысы орындалғаны. Демек, соңғы кезеңде ғана практика жүзінде шынайы дронды пайдалануына жол ашылады деген сөз. Оған дейін үйрену, іздену жолынан өту қажет.

– Оқу курсының ұзақтығы әрқилы. Негізгі ерекшелік оқыған адамның дронды пайдалану мақсатына байланысты құбылады. Мысалы, талапкер тек дрон ұшырып үйреніп қоймай, сол арқылы фото-видео түсіруге ниетті болса, онда оқу мерзімі бір апта жалғасады. Яғни, аптасына 3 күн оқиды. Әр сабақ уақыты 2 сағат кем болмайтынын ескеру қажет. Ал жай ғана дронды ұшыру мақсат болса, онда сабақ кестесі өзгеретіні белгілі. Жалпы, қандай мақсатта пайдаланса да аталған дағдыны игеру әркімнің өз қолында. Ол үшін орталық мамандары нәтижелі жұмыс істейтін болады, – дейді Мөлдір Жарқынбекқызы.

Иә, FLYORDA орталығының қызметкерлері білікті мамандардан құралған. Көбі Алматы қаласындағы drone.kz компаниясынан аталған дағдыны меңгеріп, салада біршама жетістікке жеткен мамандар. Тіпті, қолдарында кәсібиліктің көрінісіне баланған арнайы сертификат та бар. Сондықтан, дрон үйренуде қас шеберлерден тәлім алатынына шүбә болмауға тиіс.

P.S. Келешектің дағдысын игеру жолында іздену – ең тиімді инвестиция. Кеңістік пен әуені зерттеуге, тануға талпынудың бір артықшылығы да осы шығар, бәлкім. Болашақты бағамдауды айтпағанда, дрон ұшыруды игеру пайда табудың қосымша әдісіне айналуы ықтимал. Тіпті, әуеге дрон ұшырып миллиондаған доллар пайда көрген кәсіпкерлер де жетерлік. Сол себепті жаңашыл бастамаға жастардың жақын болғаны қуанарлық іс.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!