Туған жер − әр адамның жүрегіне жақын, ең қымбат мекен. Адам қай жерде жүрсе де, туған өлкесін сағынып, оның табиғатын, адамдарын және өткен өмірін еске алады.

Мен үшін де сондай қасиетті мекен бар. Ол − өзінің бай тарихы, сұлу табиғаты, мәдени мұрасы және еңбекқор халқымен ерекшеленетін, Сырдарияның жағасындағы Қызылорда.

Қызылорда облысы еліміздің оңтүстікбатысында орналасқан. Аймақтың негізгі тіршілік көзі саналатын Сырдария өзені өңірді екіге бөліп ағады. Ежелден бері Сыр бойы халықтың құтты қонысы болған. Өзен жағасында көптеген ауыл мен қала бой көтеріп, халық егін егіп, мал шаруашылығымен айналысқан. Мысалы ежелгі өркениеттің ізі сақталған Сығанақ қаласы бір кездері сауда мен мәдениеттің ірі орталығы болған. Сонымен қатар Жанкент, Шірік-Рабат сияқты көне қалалардың орны да осы өңірде орналасқан. Бұл тарихи ескерткіштер халқымыздың бай мәдениеті мен өркениетін дәлелдейді.

1925-1929 жыл аралығында Қызылорда Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының астанасы болды. Осы кезеңде қалада түрлі мемлекеттік мекеме ашылып, ұлттық баспасөз бен әдебиет қарқынды дамыды. Сондықтан Қызылорда қаласы қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихында маңызды орын алады.

Туған жерім ұлы тұлғаларымен де танымал. Солардың ішінде түркі әлеміне ортақ тұлға Қорқыт атаның орны ерекше. Бүгінде Қорқыт ата мемориалдық кешені Қазақстанның маңызды тарихи-мәдени орындарының бірі саналады. Бұл кешенге еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден көптеген турист келеді.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығымен де кеңінен танымал. Әсіресе, күріш еліміздің көптеген аймағына жеткізіледі. Ал әлем үшін маңызды ғылыми орталық саналатын ғарыш айлағы да біздің өңірде орналасқан.

Өңірдің табиғаты да ерекше. Жазы ыстық, қысы салыстырмалы түрде жұмсақ келеді. Табиғаттың қатал жағдайына қарамастан, халық еңбекқорлығының арқасында өңірді гүлдендіріп келеді. Сырдария жағалауы жасыл желекке бөленіп, табиғаттың көркем келбетін көрсетеді.

Бір кездері әлемдегі ең үлкен көлдің бірі болған Арал теңізі өңір экономикасы мен табиғатына зор әсер етті. Өкінішке қарай, теңіздің тартылуы үлкен экологиялық мәселеге айналды. Дегенмен кейінгі жылдары теңізді қалпына келтіру мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылып келеді.

Қызылорда халқы өзінің қонақжайлығымен, мейірімділігімен және ұлттық дәстүрге беріктігімен ерекшеленеді. Мұнда қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен сақталған. Өңір жастары ата-баба мұрасын құрметтеп, ұлттық құндылықтарды сақтауға үлкен мән береді.

Қызылорда − балалық шағымның куәсі, арманымның бастауы, болашағыма жол ашқан қасиетті мекен. Сондықтан туған өлкемнің өркендеп, гүлденуі үшін білім алып, адал еңбек ету − азаматтық борышым.

Әділет СМАҒҰЛ,

С.Толыбеков атындағы

№3 IT мектеп-лицейінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!