Қазақ детектив жанрының атасы атанған белгілі жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері Кемел Тоқаев атындағы V республикалық детектив шығармалар байқауының қорытынды шарасы Сыр өңірінде өтуде. Салтанатты шараға еліміздің түпкір-түпкірінен қаламгерлер қатысуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев мәлімдеді.

««Заң» медиа-корпорациясы » ЖШС ұжымы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Шараны өткізудегі басты мақсат кенжелеп қалған жанрды қайта жандандыру, детектив жазуға ынталылар қатарын арттыру. Бағыттың дұрыс, жоспардың оң екені байқаудың алғашқы жылынан-ақ аңғарылды», – деді Досымбек Өтеғалиев.

«Алғашқы жылы редакция қоржынына 72 шығарма түскен болатын. Биыл 106 шығарма байқауға қатысуда. Үміткерлер еңбегін сенатор Мұрат Бахтиярұлы, жазушы Серік Әбікенұлы, Қызылорда облыстық сотының Соттар әкімшісі Сағатбек Сүлеймен, Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Нұрлыбек Мыңжас, «Заң» медиа-корпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев төрелік етті», – деді «Заң газетінің» бас редакторы, ұйымдастыру алқасының мүшесі Айнұр Сембаева.

Сонымен қатар, конкурс жеңімпаздарының үздік шығармалары топтастырылған «Шытырман» жинағының тұсауы Ә.Тәжібаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында кесілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!