Жылдар сүзгісінен өткен тәжірибе мен тағылымға толы әңгіме жас буынға жол сілтер шамдай. ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің жеке құраммен жұмыс жөніндегі бөлімшесінің ұйымдастыруымен Достық үйінде сала ардагерлерімен келелі кездесу өтті. Бұл “Адал азамат” біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы оң бастама еді.

Төрден орын алған құрметті қонақтар – жылдар бойы жарғақ құлағы жастыққа тимей, салада табан аудармастан қызмет еткен Талғат Салықұлы Қамзаев және Несібелі Жапанқызы Даулетова. Пәлсапалық ой мен парасатты пайым қатар өрілген кездесудің пайдалы болғанына күмән жоқ. Өткеннің өнегесі мен бүгіннің бағыты бағамдалып, салмақты сала жайы сүбелі сөзбен сараланғаны соған негіз. Ардагерлер дайын баяндамаға бас ұрмай, өмірден түйгені мен өздері жүріп өткен жолға, қызметтің қыр-сыры мен жауапкершілігіне тоқталып, жас қызметкерлермен ашық пікір алмасты.

Өнегелі жиынның өңін айшықтаған муызкалық тартуға да кезек берілді. Бұған Режим және күзет бөлімінің ақпарат және байланыс тобының бақылаушысы әділет сержанты Ақниет Қалмұратовтың қоңыр домбыраны күмбірлетіп, әндерді тамылжыта шырқағаны дәлел.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!