Күні кеше ғана бұзақылық жасағаны үшін қамауға алынған әнші Төреғали Төрәлі бостандыққа шығады.

Алматы облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, әншінің қорғаушысы сотқа оны кепілдікпен босату жөнінде өтініш түсірген. Іс бүгін қаралған.

«Кеген аудандық соты күдікті Төреғали Төрәліні 10 млн теңге кепілдікпен босату жөніндегі істі қарады. Кепілдікпен босату ҚР Қылмыстық процессуалдық кодексте қарастырылған»,- делінген Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде белгісіз жігіт Төреғали Төрәлі оның қабағын жарып, жұдырықтағанын жеткізген болатын.

Осы жайттан кейін күдікті деп танылған әнші Төреғали Төрәлі уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.

Іс Кеген ауданы полиция бөлімінің өндірісінде.