Түркістан облысында 200-ге жуық мемлекеттік қызметшінің орны бос тұр. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Өркен Балажанов мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы өңірдегі мемлекеттік қызмет саласында 197 лауазымды бос орын бар. Олардың 115-і облыстағы жергілікті атқарушы органдарда болса, 82 аудандық деңгейдегі әкімдіктерде. Сондай-ақ, өткен жылы 211 адам мемлекеттік қызметпен мүлдем қош айтысқан. Жүргізілген шұғыл сұхбаттар нәтижесінде қызмет ауыстырушылардың 70 пайызы жеке секторға ауысқанын және мемлекеттік қызметші жалақысының төмендігінін көрсеткен.

Тағы бір айта кетерлігі, Түркістан облысында мемлекеттік қызметте жүрген әйелдердің де саны аз. Республикада бұл көрсеткіш 56 пайызды құраса, Түркістан облысында 27 пайыз ғана.

«Мемлекеттік қызмет ешқашан бір орында тұрмайды. Әрдайым жаңарып отырады. Бір адамдар денсаулығына байланысты кетіп жатады. Зейнетке шығады. Соларды толтыру кезінде міндетті түрде жастарды алу керек. Білікті мамандарға әрдайым сұраныс болады. Жалпы Түркістан облысында мемлекеттік қызметке келушілер саны аз. Өткен жылмен салыстырғанда конкурсқа қатысушылардың саны артқан. Мәселен 2021 жылы өткізілген конкурстарда 1 орынға 3 адамнан келсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4-ке көбейген. Дегенмен, бәрібір жалпы көрсеткіш төмен» – деді Өркен Балажанов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!