Шетелде білім алу, тәжірибе жинақтау жастар үшін үлкен мүмкіндік екені рас. Оңтүстік Кореядағы Кангнам университетінде білім алған  Іңкәр Халиқызы да шетел асып, жаңа дүниелерді білудің пайдасы мол екенін айтады.  Білімді бойжеткен бізге  «таңғы шық еліндегі» жаңа мүмкіндіктер жайлы айтып берген еді.

 Минусты плюске айналдыру жолы

    ‒ Бастапқыда кәріс тілін анамның  ұсынысы бойынша үйрендім. Мектеп қабырғасында сыныптастарым шеттілін жетік білетін, соларға қызығып жаңа тілді  үйренгім келді, алайда ағылшын курсының оқу ақысы қымбат екен. Қаржының біріне жетсе келесі біріне жетпейтін аз кезі. Анама «менде басқа тілді үйреніп, аудармашы болғым келеді» деген тілегімді айтқанымда, іздестіріп жүріп, тегін оқытатын кәріс тілінің курсын тауып берді.  Менің бұл мүмкіндікке қалай қуанғанымды білсеңіз ғой?! Уақыт өте келе Кореяда білім алсам деген ой да қылаң берді.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға оқуға түскен сәттен бастап Кореяда білім алуға талпындым. Бірінші курсымда қайта-қайта халықаралық қатынастар бөліміне барып шетелге қалай оқуға түсуге болатынын сұрастырып жүрдім. Ондағы оқытушылардың «сен әлі бірінші курс студентісің, әлі төрт тоқсанды оқуың керек» дегеніне амалсыз көндім. Арада тағы бір жыл өтті. Үшінші курсқа өткен кезде жөн сұрап халықаралық қатынастар бөліміне тағы бардым. Бұл жолы оқытушылар отбасылық деңгейімнің шетелге шығуға жетпейтінін алға тартты. Ол кісілерді де түсінуге болады, себебі шетелде оқу мен жатақхана тегін болғанмен ұшақ билеті, виза, медициналық сақтандыру, коммуналдық төлем, ас-ауқат, күнделікті шығынды студенттің ата-анасы қамтамасыз ете алу керек. Ал менде шетелде оқып келетіндей асып-тасып жатқан қаражат болмады. Анам жалғызбасты кісі, оның үстіне балабақшада жұмыс істейді. Ай сайын алатын жалақысы мені Кореяға жіберуге жетпейтіні белгілі еді. Сондықтан менің  шекара асуым мүмкін емес дүниеге айналды. Соңында жағдайдың бәрі қаржыға келіп тірелгеніне қатты қиналдым, бірақ қалайда Кореяда білім алатыныма  сендім. Сол үшін қалада алғаш рет Шеф аспаздық өнер студиясын аштым, оған қоса корей тілін үйренуді жалғастырдым. Алған бетімнен қайтпай тағы да құжат тапсыруға барғанымда жеке кәсібім бар екенін айтып, шетелде жүріп өз-өзімді қамтамасыз ете алтынымды дәлелдедім. Содан кейін ғана  университет мұғалімдері маған сенім артып, академиялық  ұтқырлық бағдарламасымен грант иегері  атанғанымды сүйіншіледі. Негізі Кореяда оқу ақысы бір тоқсанға − бір жарым миллион теңге. Бір курста студент екі тоқсан оқиды деп есептесек, жылдық төлемақы үш миллион теңгені құрайды.

Университет ұсынған мүмкіндіктер

−    Тағы бір қызық жағдай, университет тауда орналасқан, әрі  студенттер қалашығында жастарға барлық мүмкіндік қарастырылған. Бастапқыда лекцияны толық түсіну үшін бір жылды тілдік курсқа арнауға тура келді. Кәріс тілінің тарихы қытай тілінен бастау алады, сондықтан сатылай оқып, тереңдеген сайын қиындай береді екен. Мен бір жылда  кәріс тілінің үш деңгейін бітіріп, арнайы  сертификат алдым.

Университеттің ең жақсы тұсы, айына  бір рет арнайы сабақ ретінде Кореяның танымал аудандарын аралатады немесе кәрістің дәстүрлі тарихи орындарын таныстырады. Әрі оқу орнында студенттер пәнді, сабақ уақытын өзі таңдай алады. Сабақты таңғы сағат 9.00-ден кешкі 22.50-ге дейінгі аралықта ыңғайлы етіп орналастыруға мүмкіндігі бар. Мысалы, менің мамандығым кәріс  және ағылшын тілі  пәнінің мұғалімі болса да, негізгі мақсатым бизнес саласын оқу еді. Арнайы міндетті пәндерден бөлек, гольф, атқа міну, дизайн тәрізді салаларды таңдауға болатынын білген соң, бизнес-стартап бағытын да оқимын деп шештім. Себебі қосымша пәннің бәрі есептеліп, дипломға жазылады.

Кәріс студенттер ата-анасына салмақ салмайды

 ‒ Бірнеше айдан соң Кореядағы таныс құрбым пицца дайындайтын орталыққа жұмысқа шақырды. Өз-өзімді күнделікті қаражатпен қамтамасыз ету үшін барынша жақсы жұмыс істеуге тырыстым. Ол жерде менімен бірге төрт қазақ қызы қызмет етеді. Аптасына үш күн жұмысқа барамын, себебі шетелдік жастардың жұмыс уақыты күніне бес, аптасына он алты сағаттан аспау керек. Маған Кореяда ерекше  ұнаған бір жағдайды айта кетейін, ол жақта кез келген жұмыс орны студенттерді қызметке қабылдай береді, бірақ алдымен сабақ графигі сұралады. Ал біздің елде университет таңғы сегізден кешкі алтыға дейін сабақ кестесін бекітеді де, студент тек сабақ үшін жүгіреді. Егер студент ақылы оқитын болса оқуының ақшасын қалай төлейді? Ал Кореяда студенттер ата-анасына салмақ салмай өзін-өзі оқумен де, жұмыспен де қамтамасыз ете алады. Маған әлеуметтік желі арқылы ҰБТ-дан төмен балл жинап, білім грантын ала алмаған жастар жиі хат жазады. Оларды дипломы жоқ болған соң еш жерге жұмысқа алмайды, сондықтан жастар ақылы оқуға тәуекел етпейді. Сырттай бақыласаң, біздің елдің студенттері не оқу орны, не жұмыстағы басшы түсінбейтін кезеңде тұр. Сол үшін алдағы уақытта Қызылорда қаласында  пицца орталығын ашсам, тек студенттерді ғана жұмысқа аламын деп шештім.

Қымыздан да сабын дайындалады

  ‒ Бос уақыт аз болған соң кәрістер жұмыс, сабақ кестесін алдын-ала бір айға жоспарлап қояды. Сондай-ақ бәрі кітап оқығанды жақсы көреді. Университете шетелдік жастарға  арналған Friends  деген үйірме клубы ашылған. Ол жерде өзге елден келген студенттер кәрістің ерікті жастарымен бірге сабын, иіссу, экосөмке, былғары сағат, сусабын т.б заттардың  жасалу жолын тегін үйренеді. Мысалы, мен макколи деп аталатын күріш суынан сабынның қалай жасалатынын, әрі макколидің орнына қымызды пайдалануға  болатынын білдім. Алдағы уақытта ШЕФ студиясына келген балаларға қымыздан сабын жасау жолын үйрететін боламын.

«Құлаққа балауыз шамын құюға бола ма?»

‒ Кореяда медициналық қызмет көрсету бағасы өте қымбат. Бірде құлағыма аздап салқын тиген соң, емханаға барып тексерілдім. Сол кезде диагностикалық кеңес берілгені үшін 35 000 теңге төлем жасағаным бар. Бірақ кейін бұл шығын медициналық сақтандыру есебінен алынып, қаржы өзіме қайтарылды. Сондықтан жастар шетелге шықпас бұрын медициналық сақтандыруды ескергені жөн.

Жалпы кәрістер – өте сенгіш халық. Осы орайда Кореяда орын алған келесідей қызық жағдай есіме түсіп отыр. Жақында ғаламторда «құлақты тазалаған кезде балауыз шамын ерітіп құйса толық залалсызданады» деген ақпарат тарады. Соған сеніп, үй жағдайында қайталаған кәріс тұрғындары ауруханадан бір-ақ шықты. Ал жалған ақпартты  бесінші сыныптың оқушысы парақшасына ермек үшін жаза салған екен

Гүлдана ЖҰМАДИН