Фото: depositphotos.com
Ұлытау облысы әкімдігінің мәліметінше, екі облыс арасындағы жол құрылысына төрт мердігер компания жұмылдырылады, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Биыл мердігерлер жер бөлу, инфрақұрылымды төсеу, вахталық қалашық салу және айналма жолдарды дайындау жұмыстарын бастайды.
Фото: «ҚазАвтоЖол»
«Біз жанар-жағар май тасымалдайтын елімізге белгілі компаниямен келісімге отырдық. Жол құрылысы басталатын аумақта 5 мың тонналық мұнай базасын салуды алдағы аптада бастаймыз. Бұл – тасжол бойындағы техникаларға арналған отын тапшылығын болдырмайды.
Сонымен қатар, жауапты компаниялардың республика бойынша атқарып келе жатқан жұмыстарын ескере отырып, үлкен сенім артамыз. Мердігерлерді өз облысымызда тіркеу маңызды. Себебі, жергілікті білікті азаматтарымызды да жұмыспен қамтуымыз қажет», – деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.
Қыркүйекте «Қазавтожол» ұлттық компаниясы мен Азиялық даму банкі келісімшартқа отырады. Осылайша, жауапты мердігер ұйымдарына қаржының алғашқы бөлігі төлене бастайды.
«ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ-ның басқарма төрағасы Дархан Иманашевтің айтуынша Жезқазған-Қызылорда тасжолының құрылысында міндетті түрде отандық материалдар қолданылады және аталған жобаны 2026 жылы аяқтауға толық мүмкіндік бар.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!