Мәжіліс депутаты Юрий Жулин ірі қара мал терісін өңдеуді әрі қабылдауды жетілдіру мәселесін көтерді. Осы орайда ол Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың атына сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Отандық мал шаруашылығында жыл сайын әрі кеткенде шикі терінің 10-20 пайызы өткізіледі. Ал ірі қара малдың өңделмеген 2,5-3 млн терісі далаға тасталып, ауылдардың шеттерінде шіріп жатыр. Ашық мәліметтер бойынша, шаруалардың шығындары 14 млрд теңгені құрап отыр. Сонымен қатар, осыдан санитарлық-эпидемилогиялық проблемалар да туындайды. 5-6 жыл бұрын ауыл тұрғындары экспорттық тиімділігі бар былғары шикізатынан табыс алатын еді. Алайда 2016,2017 және 2019 жылдары былғары кәсіпорындарын қолдау үшін тері экспортына шектеу енгізілді», – деді Ю. Жулин.

Осы орайда ол аталған шектеу елеулі нәтиже бермегенін, қазіргі кезде кәсіпорындардың жүктемесі де тиісті деңгейде емес екенін атап өтті.

«Бұл тұрғыда аталған шектеу мал терісін даярлау саласын мүлдем құлдыратып жіберді. Терінің тым көп болуы шикізаттың бағасын түсіріп жіберді. Көп өңірде мал терісін жинау жүргізілмейді, өйткені тиімсіз болып тұр. Бұл сала негізінен ауылдағы шағын бизнесті өркендетуге септігін тигізер еді. Әрине, былғары өңдеу саласын қолдау керек, бірақ оны шаруалардың есебінен іске асырмағаны абзал. Алайда Үкімет шектеуді алып тастап, оны экспорттық баж салығына ауыстырды – тоннасына 200 еуро. Бұл тағы да фермерлер үшін тұсау болып тұр», – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, шикі былғарына даярлау мәселесі Ауыл шаруашылығы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне қатысты.

«Нәтижесінде елде шикізат көлемі артып жатқанымен, кәсіпорындар лайықты деңгейде жүктелмеген, ал былғарының шетелдік нарықтары игерілмей жатыр. Біздің көршіміз Қытай елі теріні АҚШ пен Аустралиядан импорттайды. Ал біздің шаруалар мал терісін лақтырып, қосымша табысынан айырылып отыр», – деді ол.

Осы орайда ол былғары өңдеу бағытын Ауыл шаруашылығы министрлігіне ғана беруді сұрады. Сонымен қатар өңделмеген теріге экспорттық баж салығын алып тастауды ұсынды.

«Өңірлерде сервистік-даярлау орындарын ашу мәселесін шешіп, ауыл тұрғындарын малдарын ет комбинаттарына өткізуді ынталандыру бойынша шаралар қабылдау керек. Бұл өз кезегінде сапалы былғары шикізатын алу үшін теріні кәсіби даярлау мен сұрыптау жүйесін құруға мүмкіндік береді», – деді Юрий Жулин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!