Астана қаласының Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті танымал блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың қылмыстық ісі аясында тәркіленген 17 дана iPhone 16 смартфонын электронды сауда порталына шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ресми ақпаратқа сәйкес, ашық саудаға жалпы көлемі 128 GB жады бар жаңа смартфондар қойылған. Оның ішінде сегізі – ультрамарин, жетісі – қара және екеуі – ақ түсті құрылғылар. Мамандардың бағалауынша, техникалық сипаттамасы жаңа күйінде сақталған телефондардың әрқайсысының бастапқы бағасы 484 990 теңгені құрайды, ал аукционға қатысу үшін бекітілген кепілдік жарна көлемі – 72 749 теңге. Электронды форматтағы сауда-саттық осы жылдың 8 шілдесінде сағат 10:00-де бағаны көтеру әдісімен басталады.

Бұған дейін аталған ведомство блогерлерден тәркіленген «Hyundai Elantra» маркалы 8 автокөлікті сатылымға шығарған болатын. Қазіргі таңда бұл көліктерді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси қызметкерлер мен депутаттардың қызметін қамтамасыз ететін ведомстволар ғана меншігіне ала алады. Автокөліктер бойынша сауда 7 шілдеде сағат 10:00-де басталады деп жоспарланған.

Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың 27 сәуірінде Астана соты инфлюенсерлерді заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырған деп танып, кінәлі деп тапты. Сот үкімімен Ерболат Жанабыловқа мүлкі тәркіленіп, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылып, жазаны өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Блогерлер мемлекетке келтірілген 247 653 229 теңге көлеміндегі материалдық шығынды толық өтеген болатын. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл жолы аукционға қойылған құрылғыларды блогерлер өздерінің ақылы курстарын сатып алушылар арасында ұтыс ретінде ойнатуға уәде берген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!