Шығармашылыққа құмар, бәсекеге қабілетті жас буынды қолдау – уақыт талабы. Жақында Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетінің студенттер сарайында «Сыр сандық»  жас ақындар антологиясының тұсаукесері өтті. Шарада ақын, журналист, облыстық мәслихат депутаты Шаһизада Әбдікәрімов, «Сыр үміті» жастар қауымдастығының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев, айтыскер ақын Серік Ыдырысов, ақын, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, филология ғылым­дарының кан­дидаты Шанжархан Бекмағамбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Жандос Базартай сөз сөйлеп, тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай шыққан туындының тұсауын кесті.

Қара сөздің қасиетін ұғына білетін шайыр Шаһизада ағамыз: «…менің де алдым жалаңаштанып келеді. Осы жерде поэзияның өз өкіліндей Әскербек, Асқар сынды ағаларым тұрса, сол кісілердің артында, тасасында тұрғанның өзі маған мәртебе еді», – деп көзкөрген, бірінің соңынан бірі кеткен ақын ағалардың жоқтығын айтып көптің көңілін елжіретсе, сөз соңында: «Сонда да шүкір. Артыма қарасам, жас құрақтай желкілдеп, қызғалдақтай құлпырып жас ақындар, өздерің өсіп келесіңдер. Соған жұбанып, қуанамын», – деді.

Аталған жас ақындар антологиясына 70 автордың туындысы топтастырылған. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жинақ жастар жанашыры Мағжан Ералиевтің демеушілігімен басылып шықты. Бұл жас буынның өзара бауырмалдығы, бір-біріне қолдау білдіруінің айғағы іспетті. Ал кітаптың таралымы – 500 дана.

– Сырбойылық шайырлар облыс орталығынан бөлек әр ауданда поэзия кешін өткізіп тұруды межелеген. Мәселен, Шиелі жастарының ұйымдастыруымен облыс ақындары Қаратау жағасында өлең оқып, әннен шашу шашты. Қаратау сілемдері шайырларға шабыт сыйлады. Тасқа да тіл бітірген поэзияқұмар жастар осы игі үрдісті тоқтатпай, сол мезетте-ақ Қазалы қаласына баруды жоспарлаған болатын. Арада ұзақ уақыт өтпей қазақтың сүбелі сөзін сүйегіне, қара сөзін қанына сіңірген жас ақындар келіскендей Қазалы ауданының орталығында қайта бас қосты. Өзге де аудандарды өнер сапарымен аралап жүр. Өнерге, білімге құйылған қаржы мен қолдаудан артығы жоқ, – дейді Мағжан Абзалұлы.

Байқағанымыздай, жыр жинағы бірден жарыққа шыққан жоқ. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған, өңірдегі кітапқұмар жастардың басын бір арнаға тоғыстырған «Кітап құрттары» ұйымы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті биылдан бастап поэзия кешін өткізуді дәстүрге айналдырып үлгерген. Сондай кештің бірінде Мағжан Ералиев жас ақындарға қолдау көрсететінін жеткізген. Бұған дейін де ол біздің редакция  ұйымдастырған шығармашылық байқауларға қолдау танытқан болатын.Тұсаукесерде айтыскер Серік Ыдырысов меценатты «Сырдың Сахиы» деп атап, ыстық ықыласын білдірді.

Ал балалар ақыны, журналист Қуат Адис кітап туралы: «Сырдағы жас ақындардың антологиясы алғаш рет жарық көріп отыр. Қадірі ханнан жоғары қалың оқырман, іздегеніңіз осы – «Сыр сандықтың» ішінде. Уақыт тауып сандықты ашсаңыз, керектің бәрі бар. Бір сәт мұңаясыз, көңілденесіз, тазарасыз, рухтанасыз, жігерленесіз, жасарасыз» – деген пікірін білдіріп, жас буынның жаңалығына қуанышты екенін жеткізді.

Сонымен бірге шараны бірнеше танымал әндердің сөзін жазған, талантты ақын Ақжол Түменбай мен ақын, журналист Айдар Сайлауов жүргізсе, жүрегінен ән мен жыр төгілген әнші Әл-Фараби Бекарысұлы, күйші, сазгер Үкітай Ерниязовтар кештің көркін келтіре түсті. Антологияға есімі енген жас авторлар – Жамбыл Бақытәлі, Әли Асқар, Бекарыс Назар, Аружан Оралбай, Сымбат Сұлтан сынды арулар жаңа буынның үнін жеткізіп, өз өлеңдерін оқыды. «Қылдан нәзік, қылыштан өткір» сөз өнерінің жаңа кейіпкерлері «Сыр сандықтың» қазынасы болмақ.

Дина БӨКЕБАЙ