Экономикадағы өсім туралы жағымды жаңалықты жиі естиміз. Жалпы ішкі өнім артып келеді, инвестиция көлемі көбейіп жатыр, орташа жалақы жыл сайын өсуде. Десе де бұл көрсеткіштер қарапайым халықтың күнделікті тұрмысымен қаншалықты үйлеседі?

Бүгінде бір отбасы ай сайынғы табысын азық-түлік пен коммуналдық төлемге де жеткізе алмай әлек болса, енді бірінің бірнеше пәтері, тұрақты инвестициялық кірісі мен қомақты жинағы бар. Бір қалада өмір сүріп, бір дүкеннен сауда жасайды, бірақ қаржылық мүмкіндігін екі түрлі дерсіз. Демек, мәселе халықтың қанша табыс табатынында ғана емес, сол табыстың қоғам ішінде қалай бөлініп жатқанында.

Экономистер мұны табыс теңсіздігі деп атайды. Бұл – елдегі барлық қаржының халық арасында қаншалықты әділ бөлінетінін көрсететін маңызды көрсеткіштің бірі. Егер экономикалық өсімнің негізгі пайдасын халықтың шағын бөлігі ғана көрсе, ал қалған бөлігінің табысы баяу өссе немесе мүлде өзгермесе, онда әлеуметтік алшақтық тереңдей түседі. Мұндай жағдайда экономиканың өскенімен, қоғамның барлық мүшесі оның игілігін бірдей көре бермейді.

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметтері халықтың табысы жыл сайын өсіп отырғанын көрсеткенімен, өңірлер арасындағы айырмашылық, ең бай және ең кедей топтардың табыс үлесі, сондай-ақ кедейлік деңгейі қоғамдағы теңсіздіктің әлі де сақталғанын аңғартады.

Ендеше, елдегі бай мен кедейдің арасы қаншалықты алшақ? Сауалға жауап іздеп көрелік.

Бай мен кедейдің арасы қаншалық алшақ?

Иә, экономикалық өсімнің игілігі халықтың барлығына бірдей жетпеуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда ең маңызды көрсеткіштердің бірі – халықтың табысын децильдік топтарға бөлу. Бұл әдіс бойынша тұрғындар табысына қарай он тең топқа бөлінеді. Алғашқы 10%-ы – табысы ең төмен азаматтар болса, соңғы 10%- дың қатарына ең жоғары табысқа ие тұрғындар кіреді.

Ұлттық статистика бюросы жыл сайын халықтың 10%-дық топтары бойынша табыстың үлесін, қорлар коэффициентін жариялайды. Бұл көрсеткіштер табыс теңсіздігінің деңгейін бағалауда халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.

Бір қарағанда Қазақстандағы теңсіздік әлемнің кей мемлекетімен салыстырғанда аса жоғары көрінбеуі мүмкін. Алайда мәселе тек жалпы көрсеткіште емес. Табыстың басым бөлігі жоғары кірісті азаматтардың қолында шоғырланған сайын, төмен табысты отбасылардың күнделікті тұрмысындағы қиындықтар да көбейеді. Мұны әсіресе азық-түлік бағасының қымбаттауы, тұрғын үйдің қолжетімсіздігі және өңірлер арасындағы жалақы айырмашылығы күшейте түседі.

Экономистер табыс теңсіздігінің ұзақ сақталуы бірнеше тәуекелге алып келетінін айтады. Біріншіден, әлеуметтік мобильділік төмендейді. Яғни табысы төмен отбасының баласына жоғары білім алып, жақсы қызметке орналасу қиындай түседі. Екіншіден, ішкі тұтыну баяулайды. Себебі халықтың басым бөлігі табысының көп бөлігін күнделікті қажеттілікке жұмсайды. Үшіншіден, өңірлер арасындағы көші-қон күшейіп, еңбек нарығындағы теңгерімсіздік артады.

Сондықтан бай мен кедейдің арақатынасын тек әлеуметтік мәселе ретінде қарастыру жеткіліксіз. Бұл – экономиканың тұрақты дамуына, еңбек өнімділігіне және қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылыққа тікелей әсер ететін маңызды индикатор.

Джини коэффициенті нені көрсетеді?

Экономикада Джинни коэффициенті деген ұғым бар. Мұны табыс теңсіздігін бағалау үшін қолданады. Оның мәні 0 мен 1 аралығында өзгереді. Көрсеткіш нөлге жақындаған сайын қоғамдағы табыс айырмашылығы азаяды, яғни қаржы халық арасында біркелкі бөлінген деген сөз. Керісінше, көрсеткіш бірге жақындаған сайын табыс аз ғана топтың қолына шоғырланып, әлеуметтік алшақтық күшейе түседі.

Кейінгі жылдардағы статистикаға қарағанда, елдегі Джини коэффициенті 0,291-ді көрсетіп тұр. Сонымен қатар қорлар коэффициенті де есептеледі. Бұл – қоғамдағы ең бай және ең кедей тұрғындардың табыс айырмашылығын көрсетеді. Яғни жоғары табысы бар 10 пайыз халықтың орташа табысы ең төмен табыс табатын 10 пайыз азаматтың орташа кірісінен қанша есе көп екенін есептейді. Былтыр Қазақстанда бұл көрсеткіш 5,98 болды. Яғни ең ауқатты 10 пайыз халықтың табысы ең кедей 10 пайыз халықтың табысынан шамамен алты есе жоғары болған.

Алайда бұл көрсеткіштердің де өз шектеуі бар. Олар табыстың жалпы бөлінісін сипаттайды, бірақ өңір арасындағы айырмашылықты, инфляцияның әсерін немесе халықтың нақты сатып алу қабілетін толық көрсете алмайды. Мәселен, Атырау облысындағы орташа табыс пен Түркістан немесе Жетісу облысындағы табыс көлемі арасында елеулі айырмашылық бар. Сондықтан табыс теңсізігін бағалағанда өңірлік ерекшеліктерді ескермеу толыққанды қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.

Бір елдегі әртүрлі табыс. Өңірлердің арасындағы айырмашылық нені аңғартады?

Қазақстанда табыс теңсіздігі тек бай мен кедейдің арасындағы айырмашылықпен шектелмейді. Ол географиялық сипатқа да ие. Бір облыстағы азаматтың ай сайынғы табысы екінші өңір тұрғындарының кірісінен екі есе жуық жоғары болуы мүмкін. Бұл еңбек нарығының құрылымына, өндірістің дамуына, табиғи ресурстарға және урбанизация деңгейіне тікелей байланысты.

Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы І тоқсан бойынша алдын ала бағалауына сәйкес, елдегі жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыс айына 252 619 теңгені құрады. Алайда бұл – республикалық орташа көрсеткіш қана. Өңірлерге үңілгенде айырмашылықтың ауқымы анық байқалады.

Ең жоғары табыс Алматы қаласында тіркелген. Мұнда бір тұрғынның орташа айлық табысы − 408182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы – 353036 теңге, Астана қаласы – 352811 теңге, Атырау облысы – 323716 теңге. Бұл өңірлерде тау-кен өнеркәсібі, мұнай-газ секторы, қаржы қызметтері мен жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарының үлесі басым.

Ал табысы ең төмен өңірлердің қатарында Түркістан облысы тұр. Мұнда жан басына шаққандағы орташа атаулы табыс небәрі 143 409 теңге. Сондай-ақ Шымкент қаласы – 160 951 теңге, Жамбыл облысы – 166 768 теңге, Жетісу облысы – 173 876 теңге, Қызылорда облысы – 178795 теңге деңгейінде қалып отыр.

Мұндай алшақтықтың бірнеше себебі бар. Мұнай өндіретін облыстарда еңбекақы жоғары. Ал ірі қалаларда қаржы, ІТ, бизнес қызметтері, логистика және корпоративтік сектор жақсы дамыған. Керісінше, ауыл шаруашылығына тәуелді өңірлерде маусымдық жұмыс көп, еңбек өнімділігі төменірек және жоғары жалақылы жұмыс орындарының саны шектеулі.

Сарапшылардың пікірінше, өңірлік теңсіздіктің сақталуы ішкі көші-қонды күшейтеді. Жастардың басым бөлігі жоғары жалақы іздеп Алматы мен Астанаға қоныс аударады. Соның салдарынан бір өңірде еңбек күші тапшылығы байқалса, екінші өңірде тұрғын үй бағасы қымбаттап, әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін салмақ арта түседі.

Өңірлік айырмашылық халықтың нақты сатып алу қабілетінен де байқалады. Биыл І тоқсанда атаулы ақшалай табыс индексі 111,8 пайызға жеткенімен, нақты ақшалай табыс индексі небәрі 100,1 пайызды құрады. Яғни халықтың табысы номиналды түрде өскенімен, инфляция бұл өсімнің басым бөлігін жұтып қойған. Демек, жалақыдағы өсім тұрғындардың тұрмысын дәл сондай деңгейде жақсартқан жоқ.

Әлеуметтік жағдайды сипаттайтын тағы бір маңызды көрсеткіш – кедейлік деңгейі. Өткен жылдың қорытындысында Қазақстанда халықтың 5 пайызының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болды. Ең төмен кедейлік деңгейі Астана қаласында – 2,7 пайыз. Ал Қостанайда 3,8%, Абайда 7,7%. Бұл өңірлер арасындағы экономикалық мүмкіндіктердің әркелкі екенін тағы бір дәлелдейді.

Ranking.kz порталы Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйене отырып жасаған талдауында да осы үрдіске назар аударады. Сараптамаға сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы Джини коэффициенті – 0,291, ал қорлар коэффициенті – 5,98 болды. Яғни ең жоғары табыс алатын 10 пайыз халықтың табысы ең төмен табыс алатын 10 пайыз халықтың табысынан шамамен алты есе жоғары.

Бұл көрсеткіштер Қазақстанда табыс теңсіздігі әлемдегі ең жоғары деңгейде болмаса да, ел ішінде әлеуметтік және өңірлік алшақтықтың сақталғанын көрсетеді. Экономикалық өсім барлық өңірде бірдей қарқынмен сезілмейінше, республика бойынша орташа көрсеткіштердің артуы бәрінің тұрмысы жақсарды дегенді білдірмейді. Сондықтан бүгінгі таңда негізгі мәселе – экономикалық өсімді қамтамасыз ету ғана емес, оның нәтижесін өңірлер арасында теңдей бөліп, азаматтардың өмір сүру сапасын біркелкі жақындату.

Теңсіздік қайдан пайда болады?

Бай мен кедейдің арасындағы айырмашылық бір күнде пайда болған құбылыс емес. Бұл – экономиканың құрылымы, еңбек нарығы, білім беру сапасы, өңірлердің даму деңгейі және мемлекеттік саясат сияқты көптеген фактордың жиынтық нәтижесі. Сондықтан табыс теңсіздігін тек жалақы көлемімен өлшеу жеткіліксіз.

Ең алдымен, айырмашылық еңбек өнімділігінен басталады. Қазақстанда мұнай-газ, тау-кен өндірісі, қаржы және телекоммуникация салаларында еңбек өнімділігі жоғары болғандықтан, бұл салалардағы жалақы да елдегі орташа деңгейден әлдеқайда жоғары. Ал білім беру, мәдениет, ауыл шаруашылығы немесе әлеуметтік қызмет көрсету салаларында еңбек өнімділігі төмен болғандықтан, еңбекақы көлемі де айтарлықтай аз.

Екінші себеп – өңірлік экономиканың әркелкі дамуы. Мысалы, Атырау мен Ұлытау облыстары табиғи ресурстардың арқасында жоғары табыс қалыптастырса, аграрлық бағыттағы облыстардың экономикасы көбіне маусымдық жұмысқа тәуелді. Соның салдарынан халықтың табыс деңгейі де тұрақсыз болады.

Тағы бір маңызды фактор – инфляция. Кейінгі жылдары атаулы жалақы өсіп келе жатқанымен, бағаның қымбаттауы бұл өсімнің бір бөлігін «жеп қояды». Егер жалақы 10 пайызға өсіп, ал азық-түлік пен қызмет көрсету бағасы 9-10 пайызға қымбаттаса, халықтың нақты сатып алу қабілеті айтарлықтай өзгермейді. Сондықтан статистикадағы өсім әрдайым тұрмыстың жақсарғанын білдірмейді.

Экономистер көлеңкелі экономиканың да әсерін жоққа шығармайды. Елде ресми тіркелмейтін табыс көздері әлі де бар. Мұндай жағдайда жоғары табыс алатын азаматтардың нақты кірісі статистикада толық көрінбеуі мүмкін. Бұл табыс теңсіздігін бағалауды күрделендіреді.

Білім беру мен кәсіби біліктілік те табыс көлеміне тікелей ықпал етеді. Еңбек нарығында цифрлық технологияны меңгерген, инженерлік немесе техникалық мамандық иелері жоғары жалақы алуға мүмкіндік тапса, біліктілігі төмен қызметкерлердің табысы баяу өседі.

Тағы бір назар аударатын мәселе – активтердің бөлінуі. Кей азаматтар тек еңбекақымен күн көрсе, енді бірінің табысы жалдамалы пәтерден, кәсіпкерліктен, бағалы қағаздардан немесе басқа инвестициялардан түседі. Яғни табыс тек еңбекпен емес, капитал арқылы да қалыптасады. Бұл айырмашылық уақыт өте келе одан әрі ұлғая береді.

Сарапшылардың пікірінше, табыс теңсіздігін азайтудың басты жолы – экономикалық өсімді барлық өңірге бірдей жеткізу, жоғары өнімді жұмыс орындарын көбейту, сапалы білімге қолжетімділікті арттыру және шағын әрі орта бизнестің дамуына жағдай жасау. Өйткені әлеуметтік төлемдер теңсіздіктің салдарын уақытша жеңілдеткенімен, оның түпкі себебін жоя алмайды.

Бұл мәселеге қазақстандық және халықаралық зерттеушілер де бірнеше рет назар аударған. Мысалы жыл басында Business Perspectives-те жарияланған ғалымдардың зерттеуінде елдегі табыс теңсіздігінің сақталуына институционалдық әлсіздік, экономиканың шикізат секторына тәуелділігі және табысты қайта бөлудің тиімді тетіктерінің жеткіліксіздігі әсер ететіні айтылған. Зерттеу авторлары әлеуметтік саясаттың өзі жеткіліксіз екенін, ең алдымен өнімді жұмыс орындарын көбейту, өңірлер арасындағы даму айырмашылығын қысқарту және еңбек өнімділігін арттыру қажет екенін атап өтеді.

Мұндай тұжырымды Дүниежүзілік банк те қолдайды. Ұйымның Қазақстан бойынша «Poverty and Equity Assessment» баяндамасында елде орта таптың қалыптасуы баяулағаны, ауыл мен қала арасындағы айырмашылықтың сақталғаны және кедейліктің әсіресе көпбалалы отбасылар мен балалар арасында көбірек шоғырланғаны көрсетілген.

Таразының бір басы әлі де ауыр

Экономикадағы өсім – кез келген мемлекет үшін маңызды көрсеткіш. Бірақ өсімнің өзі түпкі мақсат емес. Оның шынайы өлшемі – қарапайым халықтың тұрмысында сезілуі. Егер өндіріс көлемі ұлғайып, инвестиция көбейгенімен, азаматтардың басым бөлігі табысын күнделікті қажеттіліктен арттыра алмаса, онда экономикалық жетістіктің қоғам үшін құны төмендейді.

Әрине, нарықтық экономика жағдайында бәрінде бірдей табыстың болуы мүмкін емес. Біреудің кәсібі бар, біреу жалдамалы қызметте еңбек етеді. Бірі технологиямен жұмыс істесе, екіншісі ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Алайда мүмкіндік теңдігі сақталуы тиіс.

Біз күнде айтып жүрген әділетті Қазақстан құрудың негізгі шарттарының бірі – экономикалық әділдік екенін де ұмытпаған жөн. Бұл қағида нәтижеге айналу үшін экономикалық өсімнің жемісі елдің әр өңіріне, әр отбасына және әр азаматқа жетуі маңызды.

«Таразы басы тең бе?» деген сұраққа бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Әлқиссада айтқанымыздай, экономика өсіп келеді. Бірақ сол өсімнің игілігін кім көріп отыр? Байлық қалай бөлініп жатыр? Аймақтардың арасындағы алшақтық қашан қысқарады? Бұл күн тәртібінен бүгін түсе қалатын сауал һәм мәселе емес.

Таразының екі басы теңелмейінше, экономикалық өсім туралы кез келген жақсы жаңалықтың да толық мәні болмайды.

Аман ЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!