фото: tilalemi.kz

Бұл өмірде аз күн қонақ болармыз,
                                                                  Мүмкін елу, мүмкін жүз жыл салармыз.
                                                        Ана тілін ардақ тұтып, қастерлеп,
                                                         Құрметтейік келгенінше шамамыз!

          Мемлекеттік тіл Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Ал орыс тілін – ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.Тіл адамдардың қарым-қатынас құралы болғандықтан, ол сөйлеу әрекетінің арқауы болып табылады. Тіл ұлт пен ұлтты жақындастыратын өзгеше қатынас құралы. Адам тіл арқылы бір-бірімен қатынаса алады. «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»-деген болатын. Мемлекеттік тіл  тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын қатайтты. «Ұлттың сақталуына да, жоғауына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасына сүйенсек,  Ата заң аясында бақ-берекетіміздің сақталып отырғаны тіл саясатын да дұрыс жүргізудің жемісі екені анық. Тіл – халық қазынасы, ұлттың жаны.  Тілдің мәселесі – ұлттың мәселесі. Ендеше, тілімізді, ұлтымызды отбасымызды қадірлегендей қадірлейік!

        Біздің қазақ халқының тілі өте бай, айтылуға орамды, көркем тіл. Тіл-адамның барлық саналы өмірінің құралы: өнер-білімді, мәдениеттілікті, қоғамның белсенді азаматы болуды ол тіл арқылы үйренеді. Тіл оның ішінде біздің ана тілі еліміздегі халықтардың барлық іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болуы тиіс, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру әрбіріміздің борышымыз. Тіл байлығын игеру – ана тілін қадрлейтін, тіл мәдениетінің шыңына қол созатын адамның әрекеті. Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы, қоғамда атқаратын қызметінің тірегі. Еліміздің тәуелсіз мемлекет болып, егемендік алуы тілі мен психологиясына оның өз мәнінде дамуына мүмкіндік берді. Бүгінгі күні мемлекеттік тілді қоғам өмірінің барлық саласына тереңдете енгізу мәселесі үлкен маңыз алып отыр.

        Тіл туралы заңның қабылданғаны, оның баптарының жүзеге асырылуының бағдарламаларының жасақталғаны, мемлекет басшысының тіл саясатында дұрыс бағыт ұстап, қолдау танытып отырғаны көпке мәлім. Аталған әрекеттердің бастауы мектептерде қазақ тілін оқып үйретуді дұрыс жолға қою болып табылатыны сөзсіз. Сол себепті басты жауапкершілік тіл мамандары біздерге жүктеліп отыр. Ата заңының баптарында сонымен қатар «Тіл саясатының тұжырымдамасы» мен «Тіл туралы Заңда» айтылған басты мәселе мемлекеттік қазақ тілін дамыту.

Бұрынғы даналардан қалған: «Қанша тілді білсең, сонша мәдениеттісің, сонша байсың» деген сөз бар. Әрине, құптарға боларлық ой, бірақ, өзге тілді білемін деп жүргенде өз тілімізден көз жазып қалмайық! Қазақстандықтардың бәріне жуығы көпұлтты ортада өмірге келген. Қазақстанның көпұлтты болуы – ешкімнің қолдан жасаған әрекетінің нәтижесі емес, тарихи даму жолымен солай қалыптасты. Және бұл біздің еліміздің кемшілігі емес, басқалардан артықшылығы. Өйткені, көптүрлі мәдениеттің, діннің, дәстүрдің, білімнің, т.б. арасынан шыққан жақсылықтарды бойымызға сіңіре аламыз.

Тәуелсіздіктің негізгі  тірегі – ұлттың тілі, діні. Тәңірдің адам баласына жасаған  сыйы да  – тіл. Ол- қасиетті де қастерлі. Оның бойында өзекті, жанды өзіне тартып тұратын керемет күш бар. Тілде бүкіл тіршілік тұрғандай.  Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда.

      Сөзімнің соңын тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.

                                                                          Ж.Пазылова

                                                                          Қызылорда облысының мамандандырылған

                                                                          ауданаралық экономикалық соты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!