Қостанай мектептерінің бірінің 5-сынып оқушысы Олег Пирог Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан марапатталады.

Бұл туралы аймақ басшысы бүгін Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Құрметті достар! 25 желтоқсанда Қостанай қаласындағы «Садовод» саяжайында болған оқыс оқиға туралы бәрі оқыған шығар. Бесінші сынып оқушысы Олег Пирог өртеніп жатқан үйден төрт баланы аман алып қалды. Ертең Олегті ерлігі үшін алғыс айтып, өз қолымнан сертификат пен бағалы сыйлықтар тапсыруға шақырдым», – деді әкім өз жазбасында.

Сондай-ақ облыс әкімі осындай ержүрек, нағыз батырды тәрбиелеген оқушының ата-анасына алғысын білдірді.

«Жарайсың, Олег», – деп түйіндеді сөзін Архимед Мұхамбетов.

Естеріңізге сала кетейік, Қостанайда «Садовод» саяжайында 5-сынып оқушысы Олег Пирог төрт баланы өрттен аман алып қалған болатын.