Қазақстандық студенттер үшін баспана алуға жаңа мүмкіндік пайда болды. Енді мемлекеттік грантта оқып, шәкіртақы алатын жастар «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы арқылы ипотека рәсімдей алады. Отбасы банк шәкіртақыны ресми табыс ретінде есепке алатын болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұған дейін студенттердің тұрақты еңбек табысы болмағандықтан, олар тұрғын үй несиесіне үміткерлер қатарына кіре алмайтын. Енді шәкіртақы табыс көзі ретінде танылып, жастарға оқуын аяқтамай-ақ баспана алуға мүмкіндік беріліп отыр.

Бағдарламаға қатысу үшін студенттің шәкіртақысы болуы және бір немесе екі кепіл болатын адамды көрсетуі қажет. Кепіл болатын адам ретінде көбіне ата-аналар қатысады. Сонымен қатар басқа азаматтар да келісімі болған жағдайда кепіл бола алады.

Отбасы банктің мәліметінше, шәкіртақыдан бөлек жалақы, кәсіпкерлік қызметтен түсетін кіріс, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша төлемдер, жәрдемақылар мен тұрғын үй төлемдері де есепке алынады.

Банк мамандарының айтуынша, студенттің атына алдын ала депозит ашып, алғашқы жарнаны жинақтауға да болады. Кейін бұл депозитті студенттің өзіне қайта рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай тәсіл жастарға тұрғын үй сатып алуға ертерек дайындалуға жағдай жасайды.

«Наурыз» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін несие мөлшерлемесі жылдық 7 пайызды, ал қалған қатысушылар үшін 9 пайызды құрайды. Алғашқы жарна бастапқы нарықтағы әрленген пәтерлер үшін 10 пайыздан, өзге жағдайда 20 пайыздан басталады.

Бағдарлама аясында Астана мен Алматы қалаларында 36 миллион теңгеге дейін, ал басқа өңірлерде 30 миллион теңгеге дейін несие алуға болады. Қатысушылар бастапқы нарықтағы тұрғын үйді, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үй кешендерінен пәтер сатып ала алады.

Бағдарламаға Қазақстан азаматтары мен қандас мәртебесі бар адамдар қатыса алады. Үміткердің жасы 18 бен 63 жас аралығында болуы тиіс. Сонымен бірге соңғы бес жылда өзінің, жұбайының және кәмелетке толмаған балаларының атында тұрғын үй болмауы қажет.

2026 жылы «Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін 26 822 өтінім түскен. Соның ішінде 16 мың адам мақұлдау алған. Қатысушылардың орташа жасы — 32 жас.

Осылайша, шәкіртақы енді студенттің күнделікті шығынын жабатын төлем ғана емес, жеке баспана алуға мүмкіндік беретін қаржылық құралдың біріне айналып отыр. Бұл өзгеріс жастардың тұрғын үй мәселесін ертерек шешуіне жол ашпақ.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!