ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында күзгі егіс жұмыстары кезінде дизель тапшылығы туындаса, мәселені қалай шешетіндерін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дизель отынына деген үлкен сұраныстың қалыптасу мәселесін шешу үшін барлық ресурстар, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және автожанармай құю станцияларына бөлінетін болады. Екінші кезекте, қалған жанар-жағар май өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолына» бөлініп, жетпеген жағдайда қажетті көлемдер импортталатын болады.

Қазіргі уақытта отандық мұнай өңдеу зауыттарының жоспарлы-алдын ала жөндеу жұмыстарының мерзімдерін оңтайландыру және ауыстыру, сондай-ақ жүктемені ұлғайту мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ, шілде айында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттілігіне 106,6 мың тонна, тамыз айында 160,7 мың тонна дизель отыны жөнелтілгенін, ал қыркүйекте тағы 123,6 мың тонна дизель тиеп-жөнелтілетінін атап өтті.

«Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген баға – 1 тоннасына 222 мың теңгені (литріне 184 теңге). Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін барлық жоспарланған көлемдер толық орындалатын болады», – деді Болат Ақшолақов.

Министрдің мәліметі бойынша, аталған көлемдерді негізгі жеткізушілер болып «Қазмұнайгаз» бен «Петросан» компаниялары белгіленген.

«Экономиканы монополиясыздандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Сіздің тапсырмаңызға сәйкес «Қазмұнайгаз» жеке инвесторлардың орнына «Петросанға» қатысушылар құрамына кірді.

Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді отынмен қамтамасыз ету Министрлік пен «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының тұрақты бақылауында», – деді Энергетика министрі.