Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) салымшыларына зейнетақы жинағының 50 пайызына дейінгі бөлігін жеке басқаруға беру құқығы берілмек. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты, деп хабарлайды 7kun.kz.

«Бесінші мәселе – экономиканы кредиттеу және халықтың кредит жүктемесін төмендету. Мен нақты экономиканы несиелендіруді кеңейту қажеттігі туралы бірнеше рет айттым. Бизнес қолжетімді қаржыландыруды қажет етеді. Менің тапсырмам бойынша шұғыл шешімдер пакеті әзірленді. Ол осы сектордағы жүйелі мәселелерді шешуге бағытталған. Атап айтқанда, БЖЗҚ салымшыларының өз зейнетақы жинақтарын жеке басқаруға беру құқығы 50%-ға дейін кеңейтіледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бұл бизнесті несиелеуге қажетті «ұзақ мерзімді қаражатты» қалыптастырады.

«Агроөнеркәсіптік кешенге кредит беруді ұлғайту үшін астық келісімшарттары толығымен цифрландырылып, қайта іске қосылатын болады. Олар агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындары үшін сенімді кепілді қамтамасыз етеді. Бұл жер қойнауын пайдалану құқығына да қатысты. Соның арқасында экономиканың осы секторын неғұрлым белсенді кредиттеуге мүмкіндік туады. Бұдан басқа, Үкімет пен қаржылық реттеушілерге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту мүмкіндігін қарастыру орынды деп санаймын. Әрине, бұл тек экономиканың басым салаларына ғана қатысты болуы керек», – деді президент.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!