Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қаласының әкімі Ғанибек Қазантаев қызылордалықтарды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтады.

Құрметті майдангерлер, тыл ардагерлері!Қадірлі жерлестер!

Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Соғыс үнінің басылып, бейбіт күнде өмір сүріп жатқанымызға биыл – 76 жыл. Келер ұрпақтың азаттығын ойлап, азаматтық арды ту етіп, Отанды қорғаған, майдан даласында отқа түсіп, кеудесін оққа тосқан бабаларымыздың батырлығы жадымыздан мәңгі өшпейді. Қайсарлық пен батылдықтың, жанқиярлық ерліктің дастанындай санамызда сақталады.

Бүгін көз алдымызда қатары сиреген ардагерлеріміз – сұрапыл соғыс жылдарында бас амандығын емес ел бостандығын ойлап, майданға түскен батырлар. Бүгінгі бейбіт күнге жетуіміз осы батырлардың Отанға, елге, туған жерге деген сүйіспеншілігінің, қажымас қайраты мен ерік-жігерінің жемісі. Майдангерлеріміздің жеңіс жолындағы жанқиярлық батырлығы жастарды ерлік пен патриотизм рухына тәрбиелеудің өзгермес өнегесі, отансүйгіштікке баулудың негізгі бастауы.

Ардақты ардагерлер!

Сіздердің майдан даласындағы ерліктеріңіз бен тылдағы еңбектеріңіз жадымызда жаңғырып, қатпарлы тарихымыздың ұмытылмас парағы болып қалады. Жылдар жылжып, уақыт өткен сайын бұл ерліктің қадір-қасиеті мен бағасы артып, шоқтығы биіктей бермек. Жеңіс жалауы желбіреген күнде Сіздерге алғыс айтып, шексіз құрметпен бас иеміз. Арамызда аман-есен жүріңіздер ардагерлер!

Қадірлі қызылордалықтар!

Баршаңызды бүгінгі ұрпаққа ұран болған ұлы мереке – Жеңіс күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақ-береке, әулеттеріңізге амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!