Ауа райының күрт ысуына байланысты өңірдің электр желілеріне қызмет көрсететін «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды KAZINFORM.

Компанияның мәліметінше, 17-19 шілде аралығында ауа температурасының жоғарылауына байланысты электр энергиясын тұтыну көлемі артып, электр желілеріне түсетін жүктеме көбейеді.
Осыған байланысты кейбір аумақтарда электр энергиясының уақытша үзілуі немесе кернеу деңгейінің төмендеуі ықтимал.
Қазіргі таңда «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің жедел-апаттық бригадалары күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. 

– Мамандар электр желілеріндегі ақауларды анықтап, оларды барынша қысқа мерзімде жою және тұтынушыларды электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, – делінген компания хабарламасында.

Сондай-ақ компания тұрғындарды электр энергиясын ұқыпты әрі тиімді пайдалануға шақырып, уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!