17 желтоқсан күні Ақтөбе облысындағы тасжолда жол апаты болып, тоғыз баласы бар көлік аударылған болатын. Балалардың бірі көз жұмды. Зардап шеккендердің ата-аналары кінә әкімнен бастап бәріне жүктеледі деп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның хабарлауынша, Ақтөбеде жарысқа бара жатып, жол апатына ұшыраған спортшы балаларға қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалған. Аталған оқиғаға қатысты көлік жүргізушісі мен спорт мектебінің басшылығы жауапқа тартылуы мүмкін. Зардап шеккен балалардың ата-аналары кінәлі жандардың жазалануын талап етуде. 

Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 17 желтоқсан күні болды. Темір ауданы Шұбарқұдық елді мекенінен облыс орталығына волейболдан жарысқа бет алған автокөлік аударылды. Көлікте тоғыз бала мен екі ересек адам болған. 12 жастағы бір оқушы оқиға орнында көз жұмды. Қалған сегіз бала қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. 

«Үшеуі есін жиды. Операция жасалды. Екеуі ЖӨЖ аппаратында жатыр. Жасанды өкпе желдеткіште жақсы, яғни оң динамика бар. Неврология бірақ оларды медикаментозды ұйқымен 4-5 күндей ұстайды. Бас ми жарақатына тыныштық керек. Бес балаға ота жасалған. Олар жансақтау бөлімінде жатыр. Ал үш бала жалпы хирургия бөлімінде ем алып жатыр. Олардың жағдайы бірқалыпты. Ал 21 жастағы жаттықтырушы әлі комада жатыр. Жағдайы өте ауыр», – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Белгілі болғандай, бұл балалардың ата-аналары бұған дейінгі жарыстарға өз қаржыларымен жіберіп отырған. Алғаш рет спорт мектебі өздері апарыпты. 

“Әкімнен бастап бүкіл басшылар кінәлі. Мал емес қой. Жеті орындық көлікке 11 адамды тиеп алған. Бізге балаларымыз ағайларының екі машинамен шығатынын айтты. Негізі олар 16 желтоқсан күні шығатын болған, бірақ балалар 17 күні шығып тұр. Ояу болған балалар жүргізуішінің 140-пен жүргенін, балалардың шошынғанын айтты, – дейді ата аналардың бірі Бибінұр Кәрібаева. 

Тіпті балалар жол апатына ұшарағанын ата-аналарына өздері хабарласып айтқан көрінеді. Ал шенеуніктер өздеріне шаң жуытар емес дейді.

«Мұндай жағдай бізде алғаш рет болып отыр. Бұл жағдайды біз қазір анықтап жатырмыз. Балалардың қауіпсіздігі үшін спорт мектебінің басшылары жауап береді. Сондықтан олармен жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеміз. Бұл оқиғаға қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалған. Көлік тізгінінде болған спорт мектебі директорының орынбасары қамауға алынды. Полицейлер жүргізушінің ұйықтап кеткендігін айтты», – дейді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, қазір оқиғаға қатысты тергеп, тексеру амалдары жүріп жатыр. Жалпы талап бойынша жарысқа шыққан бала тиелген көлікке жол полициясы еріп жүру керек екен. Оған тәжірибелі жүргізуші және арнайы көлік бөлінуі тиіс. Ақтөбеде 38 спорт мектебі бар. Олардың тек 9-ның балалар тасымалына арналған өз көлігі бар көрінеді.

«Қылмыстық іс бойынша жүргізуші қамауға алынды. 371-бабы 2-бөлігімен салғырттық және 141 бабымен балалардың өмірімен денсаулығының қауіпісіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндетті тиісінше орындалу бойынша сотқа дейіңгі тергеу басталды», – дейді Ақтөбе облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Ғалым Байжанов. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!