Kyzylorda-news.kz.  Қазақстан 18 жасқа дейінгі балаларға коронавирусқа қарсы вакцина салынуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Бұл туралы денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

«Қазір көптеген өндіруші вакцинаның балаларға әсерін зерттеп, тестілеу жүргізуде. Зерттеу нәтижелеріне қарай біз қосымша талдау жасап, аталған санатты вакциналауға қосу мүмкіндігін бағалаймыз», – деді Шоранов брифингте.

Айта кетсек, қазір Қазақстанда 18 жасқа дейінгі балаларға коронавирусқа қарсы вакцина егілмейді.

Республикада вирусқа қарсы вакциналау науқаны биыл 1 ақпанда басталды. Вице-министр Шорановтың айтуынша, бүгінге дейін «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті 435 мың адамға егілген, екіншісі 107 мың қазақстандыққа салынды.

Сәуір айының соңына дейін өңірлерге «Спутник V» вакцинасының 910 мың дозасы жеткізіледі. Бұдан бөлек, басқа өндірушілерден 500 мың доза және отандық QazVac вакцинасының 25 мың дозасы түседі.

Министрлік осы жылдың қыркүйегіне дейін 10 миллион адамды вакциналауды көздеп отыр.