Түркіменстанның Лебап облысында Жеңіс күніне қарай президенттің атынан берілетін сыйлықтар үшін тылда еңбек еткендер мен Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерінен ақша жинап жатыр.

Азаттықтың түркімен қызметінің мәліметіне қарағанда, билік жергілікті әкімдікке қайрылған ардагерлердің балалары мен немерелеріне ақша жинау бойынша ресми түсіндірген емес.

Лебап облысының ардагерлері былтыр да жеңістің 75 жылдығы қарсаңында алған сыйлықтары үшін өз қалтасынан ақша төлеген.

Дереккөздің хабарлауынша, ардагерлерге берілетін сыйлықтар жиналған қаржыны ақтамайды. Өйткені билік жиналған қаражаттың бір бөлігін басқа шығындар үшін де ұстап қалады.

Биыл Түркіменстанда соғыс ардагерлеріне берілетін ақша мен сыйлықтың көлемі ашық айтылған жоқ.

2017 жылы Азат Еуропа/Азаттық радиосы СССР елдерінде Жеңіс күні қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне қанша ақша берілгенін есептеп шыққан. Оған сәйкес Орталық Азияда бір жолғы төлем көлемі бойынша Қазақстан лидер болып, әрбір ардагерге 1570 доллардан төлеген. Соңғы орында Түркіменстан, әрбір ардагерге 26 доллардан берілген.

Түркіменстанда соғысқа қатысқан қанша ардагер бары жайлы ресми мәлімет жоқ.

Abai.kz