Мароккомен шекарада орналасқан Испанияның Сеута анклавы кейінгі жылдардағы ең ірі миграциялық дағдарысқа тап болды. Құқық қорғау органдары өкілдерінің бағалауынша, бір күннің ішінде қалаға кемінде 20 мың заңсыз мигрант кіріп үлгерген. Шекарадан жаппай өту кезінде кем дегенде тоғыз адам қаза тапты, деп хабарлайды Tengrinews.kz испандық БАҚ-қа сілтеме жасап.
Сеутаға жаппай ағылу
El Mundo басылымының мәліметінше, мигранттардың алғашқы топтары шекарадан 30 шілде күні таңертең өте бастаған. Бастапқыда адамдар Испания жағалауына жүзіп жеткенімен, түске қарай лек нағыз көшкінге айналды. Кейінірек шекара қоршауының бойындағы тастармен жаяу жүріп-ақ Испанияға өту мүмкін болды.
Келгендердің басым бөлігі – жас ер адамдар. Сонымен қатар, теңіз жағаға қаза тапқандардың денесін шығарып жатты. Басылымның ақпараты бойынша, қайғылы оқиғаның құрбаны кемінде тоғыз адам болды – олардың бір бөлігі суға батып кетсе, қалғандары сығылыс кезінде мерт болған.
Испания күш құрылымдары бұрын-соңды болмаған дағдарыс туралы айтып жатыр
Ресми билік әзірге келгендердің нақты санын жариялаған жоқ. Дегенмен, Азаматтық гвардия өкілдері, полиция кәсіподақтары және күш құрылымдарындағы дереккөздер Сеутаға кемінде 20 мың адам кіргенін айтты.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2021 жылғы миграциялық дағдарыс кезінде төрт күн ішінде 14 мыңға жуық мигрант шекарадан өткен болатын. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі жағдай одан да ауқымды болып отыр.
БАҚ-тың күш құрылымдарындағы дереккөздері мұндай жаппай өту Марокко билігінің немқұрайлылығынсыз мүмкін болмас еді деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, бірнеше күн бойы елдің түрлі аймақтарынан шекараға мыңдаған жастар ағылған, бірақ оларды тежеу шаралары қабылданбаған.
Испания әскерилерді жұмылдырды
Мыңдаған мигрант Сеута көшелерін толтырған кезде, қала басшысы Хуан Хесус Вивас Испанияның орталық билігін армияны іске қосуға шақырды. Кейінірек Сеутаға азаматтық гвардияның, полицияның қосымша бөлімшелері, әскери қызметшілер, GEAS арнайы бөлімшесінің сүңгуірлері және шекараны күзетуге арналған қосымша күштер жіберілді.
Сонымен қатар Еуропаның сыртқы шекараларды күзету жөніндегі Frontex агенттігі Испанияға көмек ұсынды. Кейінірек Марокко құқық қорғау органдары мигранттар легін тоқтату үшін көзден жас ағызатын газ бен су атқыштарды қолдана бастады.
Сеутадағы оқиғалар аясында Испанияның Солтүстік Африкадағы екінші анклавы – Мелильяда да жағдай ушығып кетті. БАҚ мәліметінше, Испания билігі Мелильяны Мароккомен байланыстыратын жалғыз жұмыс істеп тұрған Бени-Энсар шекара өткелін жауып тастады. Қала тұрғындарына құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірмеу үшін шекараға жақындамау туралы ескерту жасалды.
Испания премьер-министрі Педро Санчес ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласкамен бірге жағдайды орнында бағалау үшін Сеутаға барады деп күтіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
