Біріккен Ұлттар Ұйымы АҚШ пен Қытайдың жарналарды кешіктіруіне байланысты банкроттық алдында тұр. Бұл туралы америкалық The Wall Street Journal газеті жазды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы DW агенттігіне сілтеме жасап.
Басылымның хабарлауынша, Вашингтонның ұйым алдындағы қарызы 4 млрд доллардан асады. Бейжің мамыр айының соңында шамамен 850 миллион доллар төлегеніне қарамастан, 455 млн доллар берешегі бар. ҚХР ұйым алдындағы міндеттемелерін орындаймын деп отыр. Ал АҚШ алдағы қаржылай қолдауын ұйымның шығындарын азайтумен байланыстырады.
Ұйымға қаржы құюды басқа да ірі донорлар қысқартып жатыр. Мәселен, Ұлыбритания мен Германия қаражатты үнемдеу мақсатында аштық және аурулармен күресуге арналған гуманитарлық бағдарламаларға бөлінетін ақша көлемін азайтқан. WSJ басылымы Швеция мен Нидерланды тарапынан төлемдердің қысқаруын бұл елдердегі саяси бағытпен түсіндірді.
2025 жылдың қазан айында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ұйымның банкроттық алдында тұрғанын ескерткен болатын. Болжамға сәйкес, БҰҰ-ның қаражаты тамыз айының ортасына қарай толық бітеді.
Осыған байланысты БҰҰ шығындарды жаппай үнемдеуге көшуге мәжбүр болды. Ұйым өзінің бірқатар кеңселерін жауып, хатшылықтағы 3 мың жұмыс орнын қысқартты. Бұдан бөлек аудармашылардың жұмыс уақыты қысқарып, кеңселердегі эскалаторлар тоқтатылды. Нью-Йорктегі орталық штаб-пәтер ғимаратының сыртқы қаптамасын жөндеу жұмыстары да кейінге шегерілді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
