Фото: BBC

KAZINFORM – АҚШ Президенті Джо Байден егер Израиль Рафах қаласында шабуыл жасайтын болса, оларға снарядтар мен оқ-дәрі беру тоқтатылатынын мәлім етті, деп жазады BBC.

АҚШ президенті Джо Байден Израильге егер олар Газа секторындағы Рафах қаласына шабуылды бастаса, қару-жарақтардың кейбір түрлерін беру тоқтатылатынын ескертті.

«Егер олар Рафахқа басып кірсе, осы уақытқа дейін осы қалаға қарсы қолданылып келген қару беруді тоқтатамын»,-деді Байден сәрсенбі күні CNN эфиріне шыққан сұхбат барысында.

Алайда ол қалай болған күнде де Израильдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салатынын жеткізді.

Израиль болса, АҚШ-тың сенімді түрде әлемге жар салуына қарамастан ХАМАС-тың Газадағы соңғы қорғаныс орны саналатын Рафах қаласына шабуылға дайындалып жатқанын айтып жатыр.

Осыған дейін АҚШ пен өзге де бірқатар мемлекет өкілдері Газаның өзге аудандарынан келген босқындарға толған қала тұрғындарының саны БҰҰ бағалауы бойынша миллионнан асқанын және мұндай жағдайда жүргізілген операция көптеген бейбіт тұрғындардың өліміне әкеліп соқтыруы мүмкін екенін бірнеше рет ескертті.

«Біз қару мен артиллериялық снарядтарды бермейміз»,-деді Байден.

Бұл ретте ол Вашингтонның ЦАХАЛ-дың Рафах қаласы мен оның айналасындағы әрекеттерін жерүсті операциясы деп бағаламайтынын атап өтті.

«Олар елді мекендерге кірген жоқ, тек шекарада әрекет етті»,-деген Президент егер Израиль аталған елді мекендерге кіретін болса, АҚШ тарапынан қолдауға ие болмайтынын анық жеткізді.

Байден Америка қаруы Газа секторында қолданылғанын растады.

Ал Изриаль «қызыл» сызықтан өткен жоқ па, деген сұраққа» «Әзірге жоқ» деп жауап берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!