Фото: Yasser Bakhsh/Getty Images

Сауд Арабиясының «Әл-Наср» клубы мен Португалия құрамасының шабуылшысы Криштиану Роналду жанкүйеріне іздеу салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Әлеуметтік желіде Роналдудың есімі жазылған жейде киген ер адамның трибунада тұрып, португалиялық футболшының атын айғайлап тұрған видеосы тарады. Аталмыш видеодан жанкүйердің Роналдудың атын айғайлап тұрып көз жасына ерік бергенін де байқауға болады.

Бұл жағдай Азия чемпиондар лигасының 3-туры аясында «Әл-Наср» мен «Эстегляль» клубтары арасында өткен ойында болған.

Сондай-ақ бұл видео Роналдуды бейжай қалдырмады.

«Мен оны іздеп жүрмін! Ол туралы ақпарат берген жанға разы болар едім,» – деп жазды Криштиану Роналду Х желісіндегі ресми парақшасында.

Айта кетейік, Роналду 2023 жылдың қаңтарынан бері «Әл-Наср» сапында ойнап келеді. Биылғы маусымда ол барлық турнирде 11 матчқа қатысып, 9 гол соғып, 3 нәтижелі пас берді.

Криштиану «Алтын допты» бес мәрте иеленген. Еуропада ол «Спортинг», «Манчестер Юнайтед», «Реал» және «Ювентус» командаларында өнер көрсеткен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!