KAZINFORM — Қытай адамға ұқсас (гуманоид) роботтар үшін міндетті цифрлық идентификация жүйесін енгізеді. Енді гуманоид роботтар арнайы цифрлық төлқұжатсыз және ұлттық есепке алу жүйесіне тіркелмейінше нарыққа шығарылмайды, деп хабарлайды Синьхуа.
Қытайда әрбір гуманоид роботқа бірегей 29 таңбалы сәйкестендіру коды беріледі. Бұл код құрылғының бүкіл өмірлік циклін — өндірістен бастап сатылуы, қолданылуы және жойылуына дейін — бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Бейжіңде адамға ұқсас роботтардың өмірлік циклін басқаруға арналған ұлттық платформа іске қосылды. Жобаны Қытайдың Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі жанындағы Стандарттау комитеті үйлестіреді.
Жаңа ережеге сәйкес, цифрлық төлқұжат Қытай ішкі нарығында сатылатын немесе қолданылатын барлық гуманоид роботтар үшін міндетті болады. «Код жоқ — нарыққа жол жоқ» қағидасы енгізіліп жатыр.
Идентификациялық нөмір төрт бөліктен тұрады: ел коды, өндіруші коды, модель коды және сериялық нөмір. Бұл жүйе құрылғының шығу тегін, тарихын және ақау немесе оқиға жағдайында жауапты тарапты анықтауға мүмкіндік береді.
Қытай электротехникалық стандарттау институтының вице-президенті Юй Сюминнің айтуынша, бірыңғай цифрлық төлқұжат роботтарды барлық салада бақылауға және қауіпсіздікті арттыруға көмектеседі.
Қытай қазіргі таңда гуманоид роботтар өндірісі бойынша әлемдегі ең ірі орталықтардың бірі. Елде 500-ден астам компания жұмыс істейді, ал бұл саладағы өнім көлемі жаһандық нарықта үлкен үлеске ие.
Өнеркәсіптің қарқынды дамуы бірқатар мәселелерді де анықтады: әртүрлі маркировка жүйелері, техникалық қызмет пен жауапкершіліктің нақты бөлінбеуі. Жаңа цифрлық жүйе осы олқылықтарды жоюға бағытталған.
Жаңа талаптарға сәйкес, өндірушілер ақауы бар өнімдерді кері қайтарып алуға міндетті болады. Сондай-ақ ақаулы роботтарды қайта сату немесе жаңарту да тыйым салынбақ.
Жүйе қазірдің өзінде іске қосылған. 100-ден астам қытай компаниясы платформаға қосылып, 28 мыңнан астам құрылғыны тіркеген.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
