Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Сингапур бизнес форумының жабылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстан Сингапур стиліндегі экономикалық реформалар жүргізетін, мол мүмкіндіктер ұсынатын және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін айтты.

 Елімізде еркін нарықты дамытуға, инновацияны ынталандыруға және білімге негізделген экономикаға көшуге бағытталған ауқымды реформалар басталды. Бұл реформалар ең жоғары халықаралық стандарттарға, соның ішінде ЭЫДҰ стандарттарына сай келеді. Жақында мен ұлттық экономиканы айтарлықтай ырықтандыруға негіз қалайтын маңызды Жарлыққа қол қойдым. Қазақстан аймақтағы инвестиция тартатын негізгі орталық болып қалуы үшін жаңа инвестициялық циклды іске қостық. Стратегиялық мақсатымыз – 2029 жылға қарай шетелден 150 миллиард доллар тікелей инвестиция тарту. Біз инвесторларға кешенді мемлекеттік қолдау көрсету және шұғыл шешім қабылдау қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Осы мақсатта стратегиялық, инвестициялық жобаларға жетекшілік ететін құзыреті жоғары Инвестициялық кеңес құрдық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Сингапур географиялық жағынан алшақ орналасқанына қарамастан, саяси және экономикалық тұрғыда сенімді серіктес елдер екеніне әрі солай болып қала беретініне назар аударды.

 Біз Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші серіктесіміз – Сингапурмен берік қатынастарды жоғары бағалаймыз. Былтыр екіжақты сауда көлемі 1,8 миллиард долларды құрады. Сингапурдың Қазақстанға құйған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары бұл көрсеткіш еселене түседі деп санаймыз. Осы орайда екіжақты серіктестікті дамыту үшін берік құқықтық негіздің болуы аса маңызды. Біз Инвестицияны көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімді ратификацияладық. Бұл құжат инвестициялардың жоғары деңгейде қорғалуын қамтамасыз етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын айқындап берді. Президент қаланы дамыту секторын бірінші бағыт ретінде атады. Сондай-ақ Қазақстанда мүлде жаңа әрі интеграцияланған мегаполис салу бастамасын өте маңызды жоба деп санайды.

Бұл жоба болашақта «Орталық Азиядағы Сингапурға» әрі халықаралық жетекші бизнес-хабқа айналуды көздейді. Осы мақсатқа бөлінген мың шаршы километрге жуық аумақ Арнайы экономикалық аймақ режимінде дамиды. Сингапурлық Surbana Jurong компаниясы аталған жобаның кешенді жоспарын әзірлегенін ерекше атап өткім келеді. Форум аяқталған соң, барлық мүдделі тараппен осы мәселені талқыламақпын. Сингапур бизнесі келешегі зор бұл бастамаға белсенді атсалысады деп үміттенемін, – деді Мемлекет басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!